Өскеменде спорттық биден облыстың ашық чемпионаты өтті
ШҚО денешынықтыру және спорт басқармасының ұйытқы болуымен спорттық биден облыстың ашық чемпионаты өтті.
Жарысқа 300-ге жуық жас биші қатысты, деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі.
Аталмыш спорт бәсекесінің мақсаты - биылғы ең үздік жұпты анықтау. Балалар мен жасөспірімдер фестивалінде Өскемен, Семей, Риддер, Алматы қалаларының би үйірмелерінде тәлім алып жүрген балғын бишілер бақ сынады. Жүлделі орындардан көрінген спортшылар алдағы уақытта өтетін республикалық жарысқа қатысатынын айта кеткен абзал.
ШҚО бойынша спорттық би түрлерінің президенті Рустам Мұхамедияновтың айтуынша, бұл сайыс республикалық деңгейдегі ірі жарыстарға қатысатын үздіктерді іріктеуге мүмкіндік береді.
Өскеменде өтіп жатқан облыстық чемпионатқа қатысушы Юлия Афониява бимен 9 жылдан бері айналысып келеді. Қол жеткізген жетістіктері де жоқ емес. Спорттық биден ел чемпионы атанған.
Өскеменде дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан спорттық би түрлерінен ашық чемпионатқа қатысушылар саны жыл санап арта түсуде. Еліміздің өзге өңірлерінен келушілер қатары көп.
Қуаныш Рахметоллаұлы