Өскеменде «Altay Half Marathon-2019» өтеді
«Altay Half Marathon-2019» жарысының өтетін кезі белгілі болды. Биылғы дода Өскеменде 8 маусым, сенбі күні ұйымдастырылады.
Былтырғыдай бұл жолғы бәсекеге қатысушылар да үш қашықтыққа жүгіріп, өзара мықтыны анықтайды, олар: 21 шақырымдық жартылай марафон, үш шақырымдық ересектер жарысы мен балалар арасындағы мың метрлік сайыс.
Сонымен қатар биылғы доданың бағдарламасына скандинавтық жүріс те енгізіліпті. Аталмыш спорт түрінен өтетін сайысқа қатысушылар алты шақырымдық қашықтықты еңсеруі тиіс болады.
Осы орайда биылғы жарысқа кәсіпқой спортшылармен қатар, әуесқойлар да қатыса алатынын айта кеткен абзал. Спорттық шарада бақ сынаймын деушілер turnir.kz сайтына кіріп, бұл жөнінде өтініш беруі қажет. Жарысқа қатысушыларды тіркеу 2 маусымда аяқталады.