Қазақстанда волонтерлер қатары алты жылда алты есеге артты
Бүгін Астанада волонтерлер форумы өтті. Ауқымды іс-шаралар сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілер қозғалысының ел дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Президент волонтерлердің пандемия мен табиғи апаттар кезіндегі еңбегін ерекше бағалап, олардың ұсыныстарын қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Волонтерлік – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Форумға еліміздің барлық өңірінен жиналған еріктілерге арнаған сөзінде Президент волонтер болудың мәніне тоқталды.
Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы жылдары Қазақстандағы волонтерлік қозғалыс айтарлықтай күшейген. 2020 жылы Қазақстанда 50 мың волонтер бар болса, қазір олардың қатары 300 мың адамға жеткен. Елге пайдалы жұмыспен айналысатын ұйымдардың саны төрт есеге жуық өсіп, 800-ден асты.
Қазіргі таңда волонтерлер экология, білім, мәдениет және әлеуметтік салада белсенді жұмыс істеп келеді. «Жас ағаш», «Эко бақылау», «Білім волонтерлері» сияқты жобаларға 100 мыңға жуық ерікті қатысқан. Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлердің сын сағаттағы, төтенше жағдайлар кезіндегі еңбегіне де бағасын берді.
Президенттің айтуынша, апат күндері 50 мыңға жуық волонтер ортақ іске жұмылған.
Форум барысында айтылған ұсыныстарды қолдайтынын жеткізген Президент волонтердің цифрлық паспортын енгізу бастамасын мақұлдады.
Сонымен қатар халықаралық тәжірибе алмасуға және халықаралық деңгейдегі волонтерлік бастамаларды үйлестіруге арналған жаңа платформалар құру қажеттігін атап өтті.
Экологиялық мәдениет – өркениетті қоғамның негізі. Президент экология саласындағы волонтерлік жұмыстың маңызына тоқталып, қазақстандықтардың экологиялық мәдениетін арттыру қажеттігін алға тартты. Себебі бұл – өркениетті қоғамға тән өте маңызды құндылық.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, «Таза Қазақстан» қозғалысы ұлттық идея әрі мемлекеттік саясат ретінде кеңінен насихатталуы тиіс.
Президент Үкіметке 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын волонтерлік қызметті дамыту жөніндегі жаңа мазмұнды құжат әзірлеуді тапсырды.
Мемлекет басшысы волонтерлердің ел алдындағы еңбегін жоғары бағалады.
Сөз соңында Президент барша қазақстандықтарды елдің болашағы үшін бірлесе еңбек етуге шақырды.
Фото: Ақорда











