Өскемен қаласы мен Көкпекті ауданының Құрметті азаматы Тоқан Шайжүнісов өмірден өтті
Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы, Өскемен қаласының және Көкпекті ауданының Құрметті азаматы Тоқан Жақияұлы Шайжүнісов сексен жасқа толар шағында дүние салды.
Ол 1944 жылы 16 шілдеде Көкпекті ауылында туған. Әкесі – Социалистік Еңбек ері, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Жақия Шайжүнісов. Парасатты әкенің тағылымды тәлім-тәрбиесін көріп өскен ол жастайынан алғыр, батыл, еңбекқор болды, оның бойындағы көшбасшылық қабілет бала күннен байқалған.
Еңбек жолын 1963 жылы бастаған Тоқан Жақияұлы отыз жылдан астам уақыт ширегінде неше буын құрылысшылар шоғырын тәрбиелеп, қанаттандырды. Оның басшылығымен бой көтерген жүздеген ғимарат пен құрылыс нысаны бүгінде еліміздің, оның ішінде өңіріміздің сәулет өнерінің сәніне айналды. Ал өткен ғасырда болған Зайсандағы және Армения еліндегі алапат жер сілкіністерінен кейін қираған аймақтарды қалпына келтіруде Тоқан Жақияұлы бастаған құрылысшылардың қажырлы еңбегі мен кәсіби шеберлігіне жоғары баға берілген.
2000 жылы ол түсті металлургия кәсіпорындарын жобалау жөніндегі еліміздегі жетекші институт – «Казгипроцветмет» президенті болып сайланды. Оның басшылығымен аталмыш институт елімізде алғашқылардың бірі болып халықаралық сапа менеджменті сертификатын алды.
Кәсіби қызметтегі толағай табыстары бір басқа, Тоқан Жақияұлы ең әуелі адамгершілік пен ізгіліктің туын жықпаған болмысы бөлек ерекше жан. Облыстың, қаланың қоғамдық өміріне белсене араласып, бірнеше рет «Жылдың қайырымды адамы», «Жыл адамы» сынды абыройлы атақтарды иеленген. "Құрмет" орденімен марапатталған. Біраз жыл депутат болып елге қызмет етті, билік органдарында да жұмыс істеді. Облыстық зияткерлік спорт түрлері федерациясының негізін қалады және оның президенті болды. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды қолдау жөніндегі өңірлік экономикалық кеңес мүшесі бола жүріп түрлі бастамаларды жүзеге асырып, көп шаруа тындырды.
Тоқан Жақияұлы қабырғалы халқының жадында білікті құрылысшы һәм іскер басшы ретінде ғана емес, қоғамның мүддесін жеке басынан биік қоя білген, ар-намыстың және адалдықтың тұғырын аласартпаған ұлтының асыл перзенті ретінде мәңгілік сақталатыны сөзсіз. Оның еңбегі мен еліне деген сүйіспеншілігі – өскелең ұрпаққа өнеге, ал онымен қанаттаса қызмет істеген замандастарына зор мақтаныш.
Оның еңбекқорлығы мен туған жеріне, халқына деген шынайы сүйіспеншілігі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.
Жақындары мен туыстарына қайғырып көңіл айтамыз.
Е. Көшербаев, Н. Сақтағанов, Б. Байахметов, Е.Нұрғалиев, Д.Сапанов,
Ж.Омар, Д.Рыпаков, А. Шерубаев, Н. Шамшиева.