KZ
Өскемен
-5°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
495.1 583.72 6.46

Газдан улану: ШҚО құтқарушылары сақтық шараларын еске салды

1.02.2026, 16:00 141 Әбішев Ержан

Жылыту маусымы кезінде тұрғын үйлердегі қауіпсіздік мәселесі ерекше маңызға ие болады. Әсіресе, пешпен жылытылатын үйлерде көмірқышқыл газымен улану қаупі күрт артады. Осыған байланысты Өскемен қаласының төтенше жағдайлар басқармасы тұрғындарды барынша сақ болуға шақырып, алдын алу шараларын күшейту қажеттігін ескертеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Көмірқышқыл газы – аса қауіпті, көзге көрінбейтін әрі иіссіз газ. Дәл осы ерекшелігі оны одан сайын қауіпті етеді. Адам оны сезбейді, ал улану белгілері көбіне кеш байқалады. Көмірқышқыл газының аз ғана мөлшері-ақ өмірге қауіп төндіруі мүмкін. Статистикаға сүйенсек, жыл сайын жылыту маусымында көміртегі тотығынан улану деректері тіркеледі, кей жағдайда қайғылы жағдайлармен аяқталады.

Мамандардың айтуынша, көмірқышқыл газдың негізгі шығу көздері – ақаулы пештер мен газ жабдықтары, бітелген немесе дұрыс тартпайтын мұржалар, жеткіліксіз желдету, сондай-ақ газ плитасын жылыту құралы ретінде пайдалану. Сонымен қатар гараж ішінде моторы жұмыс істеп тұрған көлікті ұзақ уақыт қалдыру да қауіп тудырады.

Өскемен қаласының төтенше жағдайлар басқармасы көмірқышқыл газбен уланудың алдын алу үшін бірнеше маңызды қағиданы ұстануды ұсынады. Ең алдымен, тек техникалық тұрғыда жарамды пештер мен газ жабдықтарын пайдалану қажет. Пеш пен қазандықтың, газ құрылғыларының жағдайын тұрақты тексеріп, ақау анықталған жағдайда бірден жөндету керек. Мұржалардың жағдайы да ерекше назарда болуға тиіс. Мұржалардың тартуы жақсы екеніне көз жеткізіп, оларды үнемі тазалау – қауіпсіздіктің негізгі бір шарты. Желдету – тағы бір маңызды фактор. Үй ішін жиі желдетіп отыру қажет. 

Мамандар тұрғындарды газ плитасын жылыту құралы ретінде пайдаланбауды ескертеді. Бұл үй ішінде көміртегі тотығының қауіпті мөлшерде жиналуына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ гаражда автокөлік қозғалтқышын ұзақ уақыт қосулы қалдыруға болмайды. Егер қозғалтқышты іске қосу қажет болса, гараж есігін ашып, моторды мезгіл-мезгіл өшіріп отыру керек.

Егер иіс тисе, ең алдымен бөлмені дереу желдетіп, таза ауаға шығу қажет. Одан кейін жедел жәрдем шақыру – міндетті шара. Мұндай жағдайда уақытты жоғалту қауіп төндіреді.

Қосымша қауіпсіздік шарасы ретінде мамандар газ датчиктерін орнатуды ұсынады. Бұл құрылғылар газдың қауіпті деңгейде жиналғанын ерте анықтап, дыбыстық дабыл береді. Қазір датчиктер қолжетімді әрі орнатуға оңай, ал олардың пайдасы өлшеусіз.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу