Жаңа Ата заңның жобасына қатысты жалған ақпарат таратқан азамат жауапқа тартылды
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасында шетелдіктерге жер сату жөніндегі тыйым алынып тасталды деген жалған ақпараттың таралуына байланысты құқықтық шаралар қабылданды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Алматы қаласы Полиция департаментінің хабарлауынша, аталған мәліметтер шындыққа жанаспайды және қоғамды әдейі жаңылыстыруға бағытталған. Жер мен табиғи ресурстарға қатысты қолданыстағы конституциялық нормалар өзгеріссіз қалған және Қазақстан Республикасының Конституциясына толық сәйкес келеді.
Жалған ақпаратты тарату дерегі бойынша құқықтық баға беріліп, Алматы қаласының аудандық әкімшілік сотының қаулысымен А. есімді азамат кінәлі деп танылды. Сот шешімімен оған 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Полиция департаменті азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін тек ресми әрі тексерілген дереккөздерге сүйенуге шақырады. Сондай-ақ, жалған ақпаратты жария кеңістікте тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.