KZ
Өскемен
-8°
пасмурно жел 2 м/с, СБ
498.34 519.72 4.85

ШҚО дәрігерлері екі науқасты реанимациялады

Фото: ШҚО денсаулық сақтау басқармасы

8.08.2024, 10:12 87 Ержан Әбіш

103 желісіндегі диспетчердің сауатты нұсқауы, бригадалардың кәсібилігі мен үйлесімді әрекеті арқасында ер адамдарды клиникалық өлімнен «алып шығуға» мүмкіндік туды. Екі жағдай да Өскеменде болған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Екі минут ішінде жедел жәрдем көлігі шақырумен облыс орталығындағы кеңселердің біріне келді. 55 жастағы ер адам кенеттен өзін нашар сезініп, есінен танып қалған екен. Дәрігерлер келгенге дейін әріптестері диспетчер М. Абдулдинованың нұсқауымен құтқару ісіне кіріскен еді, диспетчер жүрек-өкпе реанимациясын жүргізуге көмектесті.

– Құрамында фельдшерлер Руслан Шаймұратов пен Сәлім Мағжан бар №17 бригада екі-ақ минутта келді. Диагнозы – өкпе эмболиясы, жедел коронарлық синдром, науқас клиникалық өлім жағдайында болды. Дәрігерлер реанимацияны жалғастырып, жүрек-өкпе реанимациясының үш циклынан кейін ер адам есін жиды, – дейді ШҚО ЖМЖС мамандары.

Науқас облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді.

Тағы бір өскемендікті құрамында дәрігер Елена Моторина, фельдшер Еламан Нұрмұхамбет, жүргізуші Талғат Әділбаев бар №8 ЖМЖС бригадасы құтқарды. 68 жастағы ер адам таңертең жуынатын бөлмеде есінен танып қалған екен.

– Науқас тыныс алмады, жүрек соғысы болмады, клиникалық өлім жағдайында болды. Бригада төрт минутта кеп, дәрігерлер келгенге дейін біздің диспетчер байланыс ұстап тұрды, – дейді жедел медициналық жәрдем станциясы мамандары.

12 минуттық реанимациядан кейін науқастың жүрегі соғып, тыныс ала бастады. Ол да облыстық ауруханаға жеткізілді.

Қазір бұл адамдардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу