KZ
Өскемен
+13°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, З
477.45 527.1 5.24

ШҚО-да дауыл салдарын жою жұмыстары жүріп жатыр

10.08.2024, 19:50 145 Назерке Каримова

Облыстың әр өңірінде екпінді жел соғып, сел мен бұршақ жауып тұр.

Бірнеше ауданда қатты жел электр сымдарын үзіп, жарық сөніп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жергілікті әкімдіктер жағдайды жіті бақылауда ұстап, табиғи апат салдарымен күресуде.

Мәселен, Глубокое ауданындағы Жаңа Үлбі, Таулы Үлбі, Тарханка ауылдарында электр желілері үзіліп, 200-ден астам абонент жарықсыз қалды. Қазір бригада жұмыс жүргізіп жатыр. Жалпы ауданда жағдай тұрақты.

Ал Самар ауданындағы Самар, Сарыбел және Палацы ауылдарында да кей көшелердегі жарық сөніп, қазір жөндеу жүріп жатыр.

Риддер қаласында бұршақ аралас нөсер жауын жауып тұр. 1, 6, 7-ші аудандарда жарық екінші қайтара өшіп қалды. Оқиға орындарында мердігерлердің 4 бригадасы жұмыс істеуде. Поперечка ауылында найзағай ойнап, электр қуаты сөніп қалған.

Ұлан ауданындағы Герасимовка ауылында 4 үй жарықсыз қалып, қалпына келтіру жұмыстары дереу қолға алынған. Қазір  4 үйге де жарық қосылды. Жалпы шағын аудандағы жағдай тұрақты.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Өскемен іргесіндегі Новоявленка ауылындағы №33 мектептің шатыр жабындысының жартысын жел ұшырып кеткен болатын.

ШҚО білім басқармасы мәлімдегендей, қатты жел салдарынан мектептің спорт залының төбесі бүлініп, асхана мен акт залындағы терезелер сынды. Мекеме оның барлығын жөндеуге қажетті материалдар бар және жаңа оқу жылы басталғанға дейін қалыпқа келтірілетіндігін атап өтті.

- Жаңа оқу жылы 1 қыркүйекте басталады. Балалар жайлы әрі қауіпсіз мектепте сабақтарын бастау үшін барлығы уақтылы жөнделеді, - деп атап өтті басқармадағылар.


Одан өзге, Өскемен – Бобровка бағытындағы жолдың шетінде өсіп тұрған ағаштар сынып, көлік жүретін жолды жауып тастаған. Жол қызметкерлері дереу ағаштарды тазартып, жолды ашты.

Дауыл Шемонаиха ауданындағы Зевакино ауылындағы Арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығының қазандығының құбырын қиратты.

Аудандардағы ауыл шаруашылыы бөлімдерінің 10 тамыз сағат 20.00-дегі жағдай бойынша берген ақпараттарына сүйенсек, егіс алқаптары бүлінген жоқ. тек Глубокое ауданындағы Ертіс ауылдық округінде «Тамерлан и К» ЖШС мен «Восток Агротех» ЖШС-ның 500 га бидайына ішінара зақым келді.

Жалпы жергілікті әкімдіктегілер табиғи апат салдарын жою және табиғаттың тосын жағдайларына дайын болу үшін барлық күштерді жұмылдырды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив