Көлік министрлігі: Өскемен өзен портының қуаты артады
Фото: Екатерина Скударнова
Астанада өткен брифингте Көлік министрлігі теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Қасым Тілепов Шығыс Қазақстанда су көлігін дамыту жоспары туралы айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Комитет басшысының айтуынша, ұзындығы 1600 шақырым болатын ең ірі трансшекаралық кеме қатынасы артериясы – Ертіс өзені Қазақстанның барлық өзен кеме қатынасының 90%-ын қамтамасыз етеді.
Павлодар өзен портының мүмкіндіктері жеткіліксіз болғандықтан, Семей мен Өскемендегі порттардың қуатын арттыру жоспарлануда.
Комитет басшысы қазір Ертіс бассейнінде кеме жөндеу және кеме жасау өндірісін дамыту, сондай-ақ қосымша жағалау инфрақұрылымын құру мәселелері пысықталып жатқанын атап өтті.
Оның айтуынша, Өскеменде навигациялық кезеңнен тыс туризм мен өзен тасымалын дамыту үшін Бұқтырмада тәулік бойы навигация ашу мүмкіндігі қаралуда.
Бүгінде ел бойынша да, Қазақстан арқылы транзитпен де көлік ағындарының өсуі байқалады. Атап айтқанда, 2024 жылдың 7 айында «Орта маршрут» (Транскаспий халықаралық көлік бағыты) бойынша жүк ағыны 2,5 миллион тоннаны құрады. Сондай-ақ Қазақстан арқылы Қытай транзитінің күрт өсуі тіркелді – 14 еседен астам.