Өскемендік студенттер әлемдік чемпионатқа қатысты
Өскемендік студенттер Артем Деменко мен Платон Лапин «WorldSkills Lyon 2024» чемпионатына қатысып, ел намысын абыроймен қорғап қайтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Айта кетейік, чемпионат Францияның Лион қаласында өтті. Оған Қытай, Нидерланды, Польша, Армения, Беларусь, Малайзия, Намибия, Португалия сынды 69 мемлекеттен келген 1400-ден астам студент қатысты.
Чемпионатта еліміздің ұлттық құрамасы 30 құзіреттілік бойынша бақ сынасты. Оның ішінде жерлестеріміз, Өскемен жоғары политехникалық колледжінің студенттері Артем Деменко мен Платон Лапин де бар. Олар «мехатроника» құзыреттілігі бойынша кәсіби шеберліктерін көрсетіп, әлем чемпионатында ел намысын қорғады. Облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру орталығы директорының орынбасары Ләззат Тоқтарбекқызының айтуынша, бұл әлемдік чемпионатта қазақстандық команда жеті құзіреттілік бойынша алдыңғы қатардан көрінген. Ал бұл еліміз үшін үлкен жетістік.
– Бұл чемпионат – білім беру инфрақұрылымының дамуына тікелей әсер ететін кадрларды даярлаудың жаңа жүйесі. Оған қатысу арқылы жастар әлемдік аренада кәсіби шеберліктерін көрсетіп қана қоймай, өзара тәжірибе алмасады, – деді Ләззат Тоқтарбекқызы.
Франциядан оралған Артем Деменко келешекте өтетін әлемдік жарыстарға қатысып, өзін ғылымның басқа да салаларында сынап көргісі келеді.
– Әлемдік чемпионатқа қатысу үшін небәрі екі ай дайындалдық. Ал Қытай мен Жапониядан келген жастар бұл дүбірлі додаға төрт жыл бойы тыңғылықты әзірленген екен, - деді Артем Деменко.
Ажар Мұратқызы