KZ
Өскемен
+1°
туман жел 3 м/с, Ю
494.87 520.65 4.91

АЭС парниктік газ шығарындыларын жылына 10 млн тоннаға азайтады

24.09.2024, 17:30 191 Жанаргүл Мұқатай

Қазіргі күні Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша көміртегі шығарындыларын азайту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Сондай-ақ, Үкімет электр энергетикасын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны пысықтап, 2035 жылға дейінгі энергиялық теңгерімді әзірлеуде, деп хабарлайды Altainews. Kz тілшісі.

Атом энергетикасы саласы мамандарының халыққа түсіндіріп жатқанындай, әлемде өнеркәсіп пен экономиканы көміртегінен ада қылудың орнықты үрдісі байқалып отыр. Егер АЭС салынса, елімізде парниктік газ шығындылары жылына 10 млн тоннаға дейін азаятынын айтып отыр сарапшыларымыз. ЕО-ға мүше елдерде парниктік газдардың қалдығын 2030 жылға қарай 55 пайызға азайту жоспарланып отыр екен. Онымен қоса, ЕО-да көміртегі салығы («carbontax») енгізіледі. Бұл жайт болашақта отандық өнім экспортын едәуір қиындатуы мүмкін. Өйткені, жаңа жағдайларға байланысты тауарларға қойылатын техникалық регламенттер, стандарттар мен талаптар  өзгереді.

Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ «Физика және технологиялар Кафедрасының» сеньор-лекторы Еркежан Қабдыкенова бізге Қазақстанда атом энергетикасын дамытудың  басқа да маңызды тұстарын, ерекшеліктерін айтып берді.

-Атом электр станциялары (АЭС) қазіргі заманғы энергетикалық ландшафтта маңызды рөл атқарады. 

Біріншіден, олар тұрақты және сенімді электр энергиясын өндіруді қамтамасыз етеді, бұл әсіресе өнеркәсіптік кәсіпорындар мен халық үшін қажет. Екіншіден, атом электр станциялары іс жүзінде көміртегі шығармайды, бұл климатқа жағымсыз әсерді азайтуға және ауа сапасын жақсартуға көмектеседі. Үшіншіден, атом станцияларының энергия сыйымдылығы жоғары, яғни олар салыстырмалы түрде аз отынмен үлкен көлемде энергия өндіре алады. Бұл  парниктік газдар шығарындыларын азайтуға көмектеседі.

Сонымен қатар, атом энергиясын пайдалану елдердің импорттық қазба отындарына тәуелділігін азайтуға мүмкіндік береді, бұл энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Атом электр станциялары ондаған жылдар бойы жұмыс істей алады, бұл оларды ұзақ мерзімді перспективада экономикалық тұрғыдан тиімді етеді. Бұл, әсіресе, энергияны тұтынудың өсуіне қатысты.

"Ең маңыздысы, атом электр станциялары олардың әлеуеті мен тәуекелдерін дұрыс басқарса, тұрақты энергия жүйесінің маңызды элементі бола алады", - дейді Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ «Физика және технологиялар Кафедрасының» сеньор-лекторы Еркежан Қабдыкенова.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу