KZ
Өскемен
-9°
туман жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Өскемендік медбике ұшақта жолаушының өмірін құтқарды

5.11.2024, 14:30 127 Төлеуғазы Жансая

Өскемендік медбике Инкар Сейілгазина Пхукеттен Алматыға ұшқан кезде әуеде жолаушының өмірін құтқарды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 2 қарашада Пхукет – Алматы бағытындағы "Эйр Астана" әуе компаниясының КС564 рейсінде жас қызға шұғыл медициналық көмек қажет болды.

Жолаушыларды стюардессаның "Бортта медицина қызметкері бар ма?" деген сұрағы елең еткізді. Ұшақта ұшып келе жатқан Шығыс Қазақстан облыстық гематология орталығының медбикесі Инкар Сейілгазина бірден көмек көрсетуге ұмтылды. Қызға жақындаған сәтте, ол аллергиялық реакция – Квинке ісігінің белгілерін анықтап, борттағы дәрі-дәрмектер мен құралдарды пайдаланып, шұғыл медициналық көмек көрсетті. Жолаушы қыз Алматы әуежайына аман-есен жетті.

Әуе компания өкілдері Инкар Сейілгазинаға кәсібилігі үшін алғыс білдірді. Инкар Мұратбекқызы – 31 жылдан астам еңбек өтілі бар, жоғары санатты реанимациялық медбике. Ол хирургия, реанимация, ковид бөлімшелерінде жұмыс істеген тәжірибелі маман.

Ұшаққа жеті сағаттық жол бар еді, ал оқиға ұшудың үш сағатынан кейін болды. Қалған төрт сағат бойы қыз жағдайы жақсы болды. Сонымен қатар, ұшу барысында Инкар тағы бір жолаушы балаға көмек көрсетті – бала ауырып қалған сәтте стюардессалар тағы да медбикенің көмегіне жүгінген.

– Бастапқыда ол демалысты Өзбекстанда өткізуді жоспарлаған, бірақ соңғы сәтте Тайландта демалудың тиімді жолдамасын көріп, бағытын өзгертті. Осылайша, сол бортта болды, – деп бөлісті Инкар Сейілгазинаның әпкесі.

– Инкар Сейілгазинаның әрекеті бізде оған деген үлкен құрмет пен мақтаныш сезімін тудырды. Ол өте кішіпейіл, қиын жағдайларда көмек қолын созуға дайын жан. Әуеде де шет қалмай, жолаушыға медициналық көмек көрсетті, – деп атап өтті облыстық гематология орталығының ұжымы.

Анықтама: Квинке ісінуі немесе ангиоэдема – тері мен теріасты тіндерінің жергілікті қабыну реакциясы. Бұл аллергиялық реакция жеңіл бөртпе түрінде көрінуі немесе ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Егер аллергия жергілікті ісіну түрінде көрінсе, оны Квинке ісінуі деп атайды. Бұл жағдайда шұғыл медициналық көмек қажет.


Айна Ескенқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу