Ұлан ауданының Отрадное ауылына су құбыры тартылып жатыр (видео)
2024 жылы Ұлан ауданындағы Отрадное ауылының тұрғындары таза ауыз суға қол жеткізеді. Қазіргі уақытта ауылда су құбыры желілерін тарту жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, 2024 жылы «Шығыс құрылыс жобасы» ЖШС Отрадное ауылына су құбыры желілерін салу бойынша жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеген. Кейін Ұлан ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі мердігер ұйым «DK Build» ЖШС-мен келісімшарт жасасты.
Жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес, келесі жұмыстар жоспарланған:
Су жинау құрылыстарын салу;
Бірінші және екінші көтергіш сорғы станцияларын орнату;
Сыйымдылығы 100 текше метр болатын екі таза су резервуарын тұрғызу;
Трансформаторлық қосалқы станция орнату;
Жалпы ұзындығы 9,5 шақырым болатын су құбыры желілерін тарту, оның ішінде 2,4 шақырымы тұрғын үйлерге арналған құбырлар.
Жобаны жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 98 миллион теңге бөлінген. Қазіргі уақытта гидравликалық сынақтар жүргізіліп, құбырларды төсеу және сыртқы электр желілерін монтаждау жұмыстары атқарылуда.
Ұлан аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Руслан Кисембиновтың айтуынша, жұмыс кесте бойынша жүріп жатыр.
Жоба іске асқанда, қазіргі таңда 300-ден астам тұрғыны бар Отрадное ауылының таза ауыз су мәселесі түбегейлі шешілмек. Бұл ауыл тұрғындарының өмір сапасын айтарлықтай жақсартады.
Нұржан Кенжеұлы