Өскеменде тозығы жеткен ауызсу желісі ауыстырылып жатыр
Өскеменнің шетіндегі қарапайым халық «Лесхоз» атап кеткен Комсомол кентінде тозығы жеткен ескі ауызсу құбырларын қайта қалпына келтіру жұмысы басталды. Бұл жоба 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасы аясында қолға алынған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы сумен қамту және су бұру бөлімінің басшысы Рауан Тұрысбектің айтуынша, Комсомол кентіндегі су құбырлары бұл күнде әбден тозып, кетеуі кетіп тұр. Ескірген желі елді мекен тұрғындарының таза ауызсуға деген сұранысын толық қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан жергілікті жұрттың дені өз үйінің ауласынан жеке қаздырып алған ұңғымадан тіршілік көзін шығарып, пайдалануда.
– 2023 жылы Өскемен қаласы әкімдігінің тапсырымен «Казахский Сантехпроект» ЖШС жобалау ұйымы облыс орталығының аталған елді мекеніндегі су құбырларын қалпына келтіру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеген. Жобаның жалпы құны – 1,774 млрд теңге. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоғыз айда толық аяқтау жоспарланған, – деп нақтылады Рауан Тұрысбек.
Жобаны іске асыру аясында КСС-1 және КСС-32 көтергіш сорғы станцияларын қайта жаңарту, әрқайсының көлемі 200 текше метр болатын бірнеше таза су резервуарын орнату көзделген. Сондай-ақ трансформаторлық қосалқы станцияны және дизель-генераторды қайта жаңарту, ұзындығы 11,4 км су құбыры желілерін кеңейту көзделген, оның ішінде 8,6 км кварталішілік, 2,8 км жеткізуші су құбыры желілері.
Жобаны жүзеге асырушы мердігер компания – «Alyans XXI» ЖШС. Құрылыс-монтаждау жұмысының басталуына республикалық бюджеттен 271,9 млн теңге бөлінді.
Рауан Тұрысбектің айтуынша, бүгінгі таңда онда КСС-82-ден бастап 780 метр қашықтықта магистральдық желі тартылып қойған.
Жобаны іске асыру нәтижесінде Комсомол кентіндегі (Лесхоз) 197 жеке тұрғын үйде тұрып жатқан 600-ден астам адам сапалы аузсумен қамтамасыз етіледі.