KZ
Өскемен
+7°
небольшой дождь жел 6 м/с, Ю
488.11 530.09 5.01

Ауызсу құбырлары тартылып жатыр - ШҚО

Фото: www.ca-portal.ru

5.10.2023, 15:30 228

Еліміздің барлық елді мекенінде таза су қолжетімді болуға тиіс. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы. Ел Президенті 2025 жылға дейін қалалар мен ауылдарды 100 пайыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Халықты ауызсумен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі түсінікті. Өйткені судың сапасы ел тұрғындарының денсаулығына тікелей әсер етеді.

Жалпы, елімізде халықты таза әрі сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 2002-2010 жылдарға арналған «Ауызсу» бағдарламасы, одан соң 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасы жүзеге асырылды. Ал 2021 жылдан бастап бұл мәселе «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының аясында шешімін тауып келеді. Халықты таза сумен қамтуға бағытталған жобалардың жүзеге асырылу барысы біздің облысымызда да жіті бақылауда, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.

Айталық, «Күшті өңірлер – елді дамытудың драйвері» жобасы шеңберінде Алтай ауданындағы Малеевка мен Путинцево ауылдарында су құбыры желілері салынып, Катонқарағай ауданындағы Үлкен Нарын ауылында су құрылыстары және олармен байланысты желілер жаңартылып жатыр.

2020 жылы «Архитектор» құрылыс тобы» ЖШС Малеевкада жалпы құны 1769,7 миллион теңге болатын, ал «Семипалатинскгражданпроект» ЖШС Путинцевода құны 1145,7 миллион теңге болатын орталық су құбырын салу бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірледі.

Жобалардың тапсырыс берушісі – Алтай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесі бойынша мердігер ұйым – «Alyans XXI» серіктестігімен шарт жасасты.

Жобалық құжаттамаға сай Малеевка ауылында су жинау құрылыстары алаңын, екі сорғы стансасын, сыйымдылығы 300 текше метр екі резервуарды, 50 текше метр су мұнарасын, бақылау-өткізу бекетін салу көзделген. Желілердің жалпы ұзындығы – 27 километр. Қазірге дейін 9 шақырым желі салынып, 80 құдық орнатылды. Нысандағы жұмыстар кестеге сай жүріп жатыр. Биыл жобаны іске асыруға 300 миллион теңге бөлінген. Нысандағы жұмыстар  келер жылға ауыспақ. Жобаны іске асырудың нәтижесінде мыңға жуық адам тұратын Малеевка ауылы ауызсумен қамтылады.

Путинцево ауылындасу жинау құрылыстары алаңын, екі сорғы станциясын, 300 текше метр екі резервуарды, сыйымдылығы 15 текше метр су мұнарасын, сыйымдылығы 7,5 текше метр сарқынды су резервуарын салу жоспарланған. Желілердің жалпы ұзындығы – 18 километр. Қазір 6 шақырым желі төселіп, 50 құдық орнатылған. Жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде. Осы жылы жобаға 650 миллион теңге бөлініпті. Бұл жұмыстар да келесі жылға ауысады. Жобаны іске асыру 410 адам тұратын Путинцевоны ауызсумен қамтуға мүмкіндік береді.

Жалпы құны 2973,3 миллион теңге болатын Үлкен Нарын ауылындағы су құбыры желілерін жаңарту бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы 2021 жылы «Градопроект» ЖШС әзірледі. Мердігер – «Integra Construction KZ».

Жобаға сай су жинау құрылыстары алаңын, Горная көшесі үшін сорғы айдау станциясын, сыйымдылығы 500 текше метр болатын үш резервуар салу, сорғы станциясын жаңарту көзделген. Реконструкцияланған желілердің жалпы ұзындығы – 69 километр, оның ішінде тұтынушыларға жеткізуші желілер – 17 км.

Қазір магистральдық желілерді төсеу, темірбетон құдықтарын орнату және резервуарларды құю жұмыстары қатар жүруде. 28,2 шақырым желі салынып, 140 құдық орнатылды. Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. 2023 жылы жобаны іске асыруға 816,7 миллион теңге бөлінді. Нысан келесі жылға ауысады.

Жобаны іске асыру 4488 адам тұратын Үлкен Нарынның сумен қамтылуын жақсартады, сондай-ақ қосымша 315 адам сумен қамтылады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив