Келер жылы Шемонаиха ауданындағы ауызсу мәселесі толық шешіледі
2025 жылы Шемонаиха ауданында халықты ауызсумен толық қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Қазіргі кезде аудандағы 33 елді мекенінің 30-ы сумен қамтылған. Алайда орталықтандырылған сумен жабдықтау әр үйді әлі де толық қамтымайды, ал кейбір елді мекендердегі желілер айтарлықтай ескірген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ШҚО әкімі Ермек Көшербаев аудан халқымен есептік кездесу барысында атап өткендей, әсіресе, Первомайка ауылының сумен жабдықтау мәселесі өткір тұр. Мұндағы су жинау орны мен ауылішілік желілердің тозуы 80%-ға жеткен, бұл су берудің жиі тоқтауына әкелуде. Сонымен қатар қазіргі уақытта су жерасты көздерінен емес, Ертіс өзенінен алынып отыр.
Жалпы, ауданда сумен жабдықтау бойынша 1,5 млрд теңгеге бес ірі жоба жүзеге асып жатыр. Қазіргі уақытта Сугатовка ауылындағы су құбырлары жаңартылуда, Убинка ауылында су құбырлары желісі салынуда, Шемонаиха қаласының 11-ші және 12-ші шағын аудандарындағы су желілері жаңартылуда, сондай-ақ Березовка мен Большая Речка ауылдарындағы желілер жөнделуде. Бұл жобалар тағы мың адамды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Михайловка және Межовка сынды аз қоныстанған ауылдардың тұрғындары үшін блоктық-модульдік су тазарту станциялары орнатылды.
Халықты сумен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілетін болады.
Алдағы бірнеше жыл ішінде әр аудан тұрғынын таза сумен қамтамасыз ететін тарату желілерін салу жоспарланып отыр.
Ержан Әбіш