Қазақстанда рекордтық мектептер салынды
Фото: Махаббат Ахметжанова
Соңғы екі жылда Қазақстанда оқушы орны тапшылығы мен білім инфрақұрылымын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Осы уақыт ішінде жарты миллион оқушыға арналған 422 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, 32 апатты және 71 үшауысымды мектеп мәселесі шешілді. Нәтижесінде 200 мектепте оқушы орнының тапшылығы жойылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда ел аумағында 8000-ға жуық орта білім беру ұйымы жұмыс істейді. Соңғы он жылда оқушы саны 1 миллионға артып, 3,9 миллионға жетті. Осы өсімді ескере отырып, үшауысымды оқыту мен апатты мектептер мәселесін шешу, сондай-ақ қалалар мен ауылдардағы білім беру сапасын теңестіру мақсатында мектептерді салу және жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа мектептер республикалық және жергілікті бюджеттер, жеке инвесторлар мен Білім беру инфрақұрылымын қаржылай қолдау қоры есебінен салынып жатыр. 2024 жылы 300 мың оқушыға арналған 200-ге жуық мектептің құрылысы жоспарланған. Бұл шаралар 2026 жылға дейін оқушы орны тапшылығын толық жоюға мүмкіндік береді.
2023-2024 жылдары 464 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, 35 білім беру нысаны су тасқыны салдарынан қалпына келтірілді. Сонымен қатар 2039 мектеп 3130 заманауи пәндік кабинетпен жабдықталды.
Мемлекет оқушы орындарын көбейту мен балаларға жайлы білім беру ортасын құру бойынша жүйелі шаралар қабылдауда. Бұл еліміздің барлық өңірлерінде білім инфрақұрылымын дамытып, сапалы білімге қолжетімділікті арттыруға ықпал етеді.