ШҚО-да "URPAQ" чат-боты балалардың құқықтарын қорғауға көмектеседі

Шығыс Қазақстан облысында 2024 жылдың наурыз айында іске қосылған "URPAQ" чат-боты (@VKO_URPAQ_BOT) балалардың құқықтарын қорғауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және психологиялық көмек көрсетуге бағытталған. Чат-боттың сілтемесі бар QR-кодтар мектептерде, мемлекеттік мекемелерде және халық көп жиналатын орындарда орналастырылып, ата-аналар чатына да жіберілді. Нәтижесінде қолданушылар саны 2025 жылғы 8 қаңтарда 7 986-дан 11 274-ке жетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі
Чат-бот арқылы қабылданған хабарламалар:
-
36 – шұғыл көмек сұрау (SOS);
-
33 – буллинг туралы шағымдар;
-
65 – психологпен сөйлесуге сұраныс;
-
19 – зорлық-зомбылық туралы деректер;
-
18 – бопсалау фактілері;
-
7 – дінге қатысты сұрақтар.
Чат-боттың көмегімен екі буллинг оқиғасының алдын алу мүмкін болды, сондай-ақ жасөспірімдерге вейп сатқан Telegram-арна бұғатталды.
2024 жылдың қараша айында "URPAQ" арқылы түскен шағымнан кейін 16 жастағы жасөспірімнің мектеп оқушыларынан пышақпен қорқытып ақша бопсалағаны анықталып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. 2025 жылдың қаңтарында өгей қызын қорлап, ішімдік ішіп, жанжал шығарған ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қазіргі уақытта "URPAQ" жобасын дамыту жұмыстары жалғасуда. Бұл бастама балаларға уақытында көмек алуға мүмкіндік беріп, аймақтың қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді.