Буллинг – балалардың болашағына қауіп төндіретін құбылыс
Фото: pexels.com
Буллинг – жасөспірімдердің өзара қарым-қатынасына кері әсер ететін, қазіргі қоғамда кең тараған құбылыс. Бұл тек мектеп қабырғасындағы ғана емес, отбасында, интернетте де орын алатын күрделі әлеуметтік мәселе.
Зайсан ауданында орын алған резонанстық оқиғалардан кейін қоғам буллингке қарсы күресті күшейту қажеттілігін түсінді. Осы орайда, жасөспірімдер арасында буллингтің алдын алу мақсатында түрлі шаралар жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысында буллингтің алдын алу бойынша 2024 жылдың 15 қарашасы мен 10 желтоқсан аралығында «Қатыгездіксіз балалық шақ» акциясы ұйымдастырылды. Акция аясында «Буллинг – талқылайтын тақырып» атты бірыңғай сабақ 219 мектепте өтті. Сабаққа 28325 оқушы қатысты. Бұл сабақтарда оқушылар буллингтің түрлері, оның психологиялық және әлеуметтік салдары туралы тереңірек ақпарат алды.
Сонымен қатар, ата-аналарға арналған екі негізгі жиналыс өтті: «Қатыгездіксіз тәрбие» және «Жазаға балама». Бұл кездесулерге 58 ата-ана қатысып, балаларды дұрыс тәрбиелеудің маңыздылығы, зорлық-зомбылықсыз тәрбие тәсілдері туралы кеңестер алды.
Буллингтің алдын алу бойынша ерекше назар аударылған шаралардың бірі – «Өмір сүру өнері» ойыны болды. Бұл ойынға 30 оқушы қатысты. Оның басты мақсаты – балалардың өзара қарым-қатынасын нығайтып, қиын жағдайларда дұрыс шешім қабылдау дағдыларын дамыту. Сондай-ақ, «Ішкі және сыртқы көзқарас» диалог алаңы ұйымдастырылып, мектеп лидерлері арасында буллингті талқылауға арналған пікірсайыстар өткізілді. Оған 50 мектеп көшбасшысы қатысып, өз пікірлерімен бөлісті.
Мектептерде оқушылар арасында буллингті анықтау үшін сауалнама жүргізіліп, оқушылардың өздерін қауіпсіз сезіну деңгейі бағаланды. Анықталған оқиғалар бойынша психолог мамандардың кеңестері ұсынылып, ата-аналар мен мұғалімдерге көмек көрсетілді. Мониторинг барысында 10 мектепке арнайы сапарлар ұйымдастырылып, буллингтің алдын алу бойынша әдістемелік ұсыныстар берілді.
Елімізде буллингке қарсы жаңа әдістерді енгізу жоспарлануда. Соның ішінде, Финляндияның KiVa бағдарламасы негізге алынып отыр. Бұл бағдарлама балалар арасындағы зорлық-зомбылықты азайтуда тиімділігі дәлелденген. Қазақстанда оны жергілікті ерекшеліктерге бейімдеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Буллинг – балалардың физикалық және психологиялық денсаулығына қауіп төндіретін күрделі мәселе. Бұл құбылысты болдырмау үшін тек мектептер мен ата-аналар ғана емес, бүкіл қоғам болып бірігуіміз қажет. Әр баланың қауіпсіз ортада білім алуын қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Зайсан ауданындағы іс-шаралар мен ұлттық деңгейдегі бастамалар буллингке қарсы күрестің тиімді жолын көрсетуде. Жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін бұл мәселені назардан тыс қалдырмайық!