Қазақстанның барлық мектептері мен колледждерінде «111» байланыс орталығының QR-кодтары іске қосылды
pexels.com
2025 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстанның мектептері мен колледждерінде ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп, «111» байланыс орталығына қолжетімділікті арттыру мақсатында арнайы QR-кодтар енгізілді. Бұл орталық отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласында құқықтық, ұйымдастырушылық және психологиялық көмек көрсетеді,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Енді балалар мен олардың ата-аналары «111» нөміріне қоңырау шалу мүмкіндігінен басқа, QR-кодтар арқылы да сұрау жібере алады. QR-кодтар барлық білім беру ұйымдарында, балалар үшін қолжетімді орындарда, сондай-ақ автобус аялдамаларында орналастырылған. Бұл жаңалық көмек алудың қолайлылығы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша «111» байланыс орталығына балалардан 1000-ға жуық өтініш келіп түсті. Оларға анықтамалық ақпарат беріліп, психологиялық қолдау көрсетіліп, мемлекеттік органдармен ынтымақтастықта уақытылы көмек ұйымдастырылды.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың шілдесінде Мемлекет басшысы қабылдаған әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заң аясында «111» байланыс орталығының қызметі бекітілген болатын.