Риддерде жаңа мектеп салынып, қысқы спорт үшін жайлы жағдай жасалады
Денсаулық сақтау, білім беру және туризм – Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағыттары. Республикалық «Жайлы мектеп» жобасы аясында өңірде жеті заманауи мектептің құрылысы аяқталуға жақын, олардың бірі Риддер қаласында орналасқан. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов мектептің жабдықталуымен танысып, жаңа аурухана құрылысының барысын тексерді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кирова көшесіндегі №12 «Жайлы мектеп» дайын. 600 орынға арналған білім ордасы төртінші тоқсанда жұмысын бастайды. Ол алыс аудандардан – «Ескі қала», «Таловка», «Полярная», «Гавань» және Ливино ауылынан келген оқушыларды сапалы біліммен қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ ол «Қазцинк» компаниясының қаржысына күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан №16 орта мектепке барды. Жөндеу жұмыстары үш жылдан бері жалғасуда, алдағы оқу жылының 1 қыркүйегіне дейін толық аяқталады. Мектеп директоры Яна Фролованың айтуынша, ғимарат 1966 жылы салынған. Қазір мұнда екі ауысымда 900-ден астам оқушы және мектепке дейінгі дайындық сыныбының 18 тәрбиеленушісі білім алуда. Сабақтар қазақ және орыс тілдерінде өтеді. Мектепте 29 кабинет, оның ішінде 12 жаңа үлгідегі сынып, шеберханалар, IT-кабинет, робототехника кабинеті, екі спортзал, кітапхана, акт залы және подкаст студиясы бар.
2026 жылға қарай Риддердің 5-ші шағын ауданында 600 орындық тағы бір мектеп – «Шаңырақ» салынады. Үш қабатты ғимаратта заманауи оқу кеңістіктері, кітапхана, шеберханалар, асхана, екі спортзал және 135 орындық акт залы болады. Сонымен қатар аумағында баскетбол, волейбол алаңдары, ұзындыққа секіру аймағы, жүгіру жолағы және бастапқы әскери дайындық аймағы қарастырылған.
Өңір басшысы сондай-ақ 200 төсек-орындық стационары мен бір ауысымда 500 адамды қабылдайтын емханасы бар көпсалалы аурухана құрылысын аралады. Құрылыс 2021 жылы басталған, аяқталуы 2025 жылдың желтоқсанына жоспарланған. Алайда, облыс әкімінің айтуынша, қарқынды жұмыс жүргізілгендіктен, аурухана биылғы күзде пайдалануға берілуі мүмкін.
Сонымен қатар, туризмді дамыту перспективалары талқыланды. Нұрымбет Сақтағанов Риддердің танымал қонақүйлерінің біріне барып, туристер санының артқанын атап өтті. Өткен жылы қала 38 мың қонақты қабылдаған.
Алдағы уақытта туристік инфрақұрылымды одан әрі дамыту жоспарланып отыр. Бұл Риддердің қонақтарды көптеп қабылдап, Қазақстандағы қысқы демалыс орталығы ретінде өз позициясын нығайтуына мүмкіндік береді.
Ержан Әбіш
Фото: Аяужан Утеулинова