Биыл Риддерде 600 орындық жаңа мектеп ашылады (видео)
Қазір 600 орындық білім мекемесінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жұмысшылар үш қабатты нысанның екі қабатын тұрғызып қойды. Құрылыс үш ауысымда жүргізілуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан заманауи оқу ордасында Ескі қала, Таловка, Полярная, Гавань қатарлы шалғай аудандар мен Ливино ауылының балалары оқитын болады. Сонымен қатар мұнда іргетасы 1933 жылы және 1938 жылы қаланған ескі ғимараттарда орналасқан мектептің оқушылары да білім алады.
Жаңа мектептің құрылысына, оның ішінде аумағын жайластыру жұмысын қоса алғанда шамамен 5,5 млрд теңге қаржы қарастырылған. Бүгінде барлық инженерлік желілер тартылған. Жұмыс белгіленген жоспарға сәйкес жүріп жатыр.
Ал ескі мектептің ғимаратында аула клубын ашу ұсынылып отыр. Аймақ басшысы Ермек Көшербаев ескірген ғимаратты жөндеу үшін алдымен бәрін жан-жақты зерделеп, зерттеуді тапсырды.
Сонымен қатар облыс әкімі мектептің қасындағы бос жерге спорт алаңын жасау қажеттігін атап өтті.