ШҚО-да жастар ресурстық орталықтарының мамандарына арналған семинар өтіп жатыр (видео)
Jastar Oskemen қауымдастық орталығында Шығыс Қазақстан облысының қала және аудан жастар ресурстық орталықтарының (ЖРО) қызметкерлеріне арналған екі күндік семинар-тренинг басталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Семинар барысында қатысушылар цифрландыру мен жұмыс үдерістерін жетілдіру, тиімді коммуникация құру, волонтерлікті дамыту және NEET санатындағы жастармен өзара іс-қимыл жасау сияқты өзекті тақырыптарды қарастырады.
Семинар тақырыптарының бірі – ЖРО қызметінде жасанды интеллект (ЖИ) қолдану болды. Қатысушыларға заманауи технологиялар арқылы жұмысты қалай оңтайландырып, автоматтандырып және тиімділігін арттыруға болатыны түсіндірілді. Сондай-ақ сарапшы-спикерлер ЖИ-дың табысты қолданылу тәжірибелерімен бөлісті.
Семинардың жеке бөлімі медианы ілгерілетуге арналды. Сарапшылар SMM-нің маңыздылығын, жастармен әлеуметтік желілердегі өзара әрекеттестіктің заманауи формаларын және контент жасаудағы жаңа трендтерді таныстырды. Қатысушыларға қызықты контент әзірлеу мен жарияланымдарды әсемдеу ғана емес, өз аудиториясын талдау және жазылушылармен байланыс орнатудың да маңыздылығы түсіндірілді. Спикерлердің айтуынша, әлеуметтік желілер бүгінде жастарды, соның ішінде қоғамдық қызметке тартудың негізгі құралдарының біріне айналған.
Сонымен қатар семинардың практикалық бөлімінде мобилография негіздері бойынша оқыту өтеді.
Семинарда NEET санатындағы жастармен жұмыс істеу бағытына ерекше көңіл бөлінбек. Сарапшылар мұндай жастарды әлеуметтік маңызы бар жобаларға тарту жолдары, қолдау бағдарламалары мен олармен байланыс орнату тәсілдері туралы әңгімелейді.
Бұдан бөлек, семинар жастар ресурстық орталықтары қызметкерлері үшін тәжірибе алмасу алаңына айналып, алынған білім мен дағдылар олардың күнделікті жұмысына пайдасын тигізбек.
Фото: Аяужан Утеулинова