Шығыс Қазақстан облысының орталығында қалалар мен аудандардағы жастар ресурстық орталықтары өкілдерінің қатысуымен NEET санатындағы жастармен жұмыс істеу бағытын және мобилографияны үйретуге арналған семинар өтіп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық ішкі саясат басқармасы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ұйымдастырылған семинардың мақсаты – жұмыссыз жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру және заманауи технология тетігін тиімді пайдалануды үйрету.
– Бүгін біз жастарға арналған семинар-тренинг өткізіп отырмыз. Семинар-тренингтің басты мақсаты NEET санатындағы жастармен жұмыс істеуді және мобилографияны үйрету болып отыр. Бұл семинар қежеттілік негізінде өтіп отырғандығын айта кеткен дұрыс болар. Өйткені біз жыл басында аудандардағы жастармен кездесулер өткізгенде оларға мобилографияны, NEET санатындағы жастармен жұмыс істеу бағытын үйрету қажеттігін байқадық. Себебі короновирус жылдарында жастарға арналған осындай семинар-тренингтер тоқтап қалған еді, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Серік Жеңісов.
Семинар-тренингке 13 ауданның және облысымыздағы қалалардың жастары қатысуда.
– Бұл семинар тікелей біздің, аудандағы жастардың сұрауы бойынша өтіп жатыр. Өйткені біз NEET санатындағы жастармен жұмыс істеудің және мобилографияның жаңа әдіс-тәсілдерін үйренгіміз келді. Бүгін Ұлан ауданынан жастары осы семинарға қатысып отыр, – дейді Ұлан аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Серік Асқабылов.
Осылай облыс орталығында өтіп жақтан семинарға қатысушылар заманауи технология тетігін меңгеріп, жастармен жұмыс істеудің жаңа қырын үйреніп қайтпақ.