KZ
Өскемен
-19°
плотный туман Штиль
505.15 550.31 5.89

ШҚО-да білім сапасын арттыруға бағытталған жаңа жобалар таныстырылды (видео)

Кеше, 15:10 90 Әбішев Ержан

Өскеменде өткен Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының алқа отырысында 2024 жылғы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, 2025 жылға арналған міндеттер белгіленді. Басты тақырыптар қатарында мектептерде бейіндік оқытуды енгізу, мектеп пен колледж арасындағы кадр дайындау ісіндегі өзара байланыс, «Киелі Шығыс» жобасы арқылы оқу-танымдық туризмді дамыту, жасанды интеллект көмегімен кәсіби бағдарлау платформасын енгізу болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Балалардың сапалы мектепке дейінгі білімге тең қол жеткізуін қамтамасыз ету мен мектеп инфрақұрылымын жаңғырту – басты басымдықтардың қатарында. 2024 жылы Өскеменде 600 орындық жаңа мектеп ашылса, 2025 жылы Зайсан мен Алтай ауданында әрқайсысы 500 орындық екі мектеп ашу жоспарланған. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде барлығы жеті мектеп іске қосылады. Сонымен қатар 50 мектептің асханасы, кітапханасы мен пән кабинеттері жаңартылды. Алдағы екі жылда 21 мектепке күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда. Бүгінде облыстағы 343 мектептің барлығы интернетке қосылған.

Оқушылар PISA-2025 және PIRLS-2026 халықаралық зерттеулеріне дайындалуда. PISA-2025 негізгі тестілеуі 2025 жылғы 1 сәуір мен 23 мамыр аралығында өтеді. Оған 5 колледж бен 28 мектепті қоса алғанда барлығы 35 білім беру ұйымы қатысады. PISA-2022 қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысы республика бойынша үздік бестікке енген. PISA-2025-ке дайындық аясында білім бөлімдеріне мектептерді арнайы білім беру тренажерларына қосу ұсынылды.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында 10-11 сынып оқушыларын мектеп пен колледжде қатар оқытып, бір мезетте аттестат пен диплом алуын көздейтін республикалық жоба жалғасын табады. Қазір жобаға 4 колледж қатысып, 149 оқушы білім алуда. Сонымен қатар Өскемен құрылыс-техникалық колледжінің Құзыреттілік орталығын халықаралық аккредитациядан өткізу көзделіп отыр. Колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңарту үшін 531 млн теңгеге бюджеттік өтінім берілген.

– Әрбір мектеп кәсіби бағдар беруде үздік болуға тиіс. Біз қазірдің өзінде басым бағыттарды айқындадық. Бұл жобаға өңір сұранысына сай толық комплектілі мектептер қатысады – бұл кен өндіру өнеркәсібі, аграрлық сектор мен орман шаруашылығы. Барлық жұмыс кәсіби бағдарлауды тиімді етуге бағытталған, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Иннесса Чернышева.

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде инженерлік бейіндегі желілік мектеп құрылды. Ол тек Шығыс Қазақстанды ғана емес, сондай-ақ Абай, Жетісу және Түркістан облыстарын да қамтиды. Бүгінгі таңда бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту жоспарланып отыр.

– Мектеп жасынан бастап сапалы STEM-білім беру – оқушылардың инженерлік мамандықтарды саналы түрде таңдауына жол ашады. Бұл елдің ғылыми-техникалық дамуында және экономикалық өсімінде шешуші рөл атқарады, – деді университет ректоры Сәуле Рахметуллина.

Алқа қорытындысы бойынша білім беру жүйесін дамытуға қатысты бірқатар ұсыныстар әзірленді. Үш негізгі міндет айқындалды: технологиялық және демографиялық сын-қатер жағдайында адами капитал сапасын арттыру, технологиялық және цифрлық жаңғыруға негіз қалау, сондай-ақ қоғамның қарқынды өзгерістер жағдайында өміршеңдігін қамтамасыз ету.

Бұл шаралар инклюзивті білім беруді дамытуға, педагогтерді қолдауға, оқушылардың саналы түрде мамандық таңдауына және жайлы білім беру ортасын қалыптастыруға жол ашады.

Екатерина Скударнова

Фото: Жібек Нұрахмет

Видео: Даниил Суворов

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу