Энергетика министрлігі: Риддер жылу электр орталығы – ерекше бақылауда (видео)
Астанада өткен брифинг барысында Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов елдегі жылыту маусымының қорытындысын жариялап, Altainews.kz тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында Шығыс Қазақстан облысындағы жылумен қамту жағдайына арнайы тоқталды.
Вице-министрдің айтуынша, өткен жылыту маусымы ШҚО аумағында тұрақты өтті. Өскемендегі екі жылу электр орталығы қыс бойы үздіксіз жұмыс істеп, қала тұрғындарын толықтай жылумен қамтамасыз етті. Республикалық бақылаушы органдар тарапынан елеулі ескертулер тіркелмеген.
Оның айтуынша, былтырдан бері Риддер ЖЭО-ны жаңғырту және ақауларды жою бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда, процестерді автоматтандыру, қосалқы құрал-жабдықтарды жаңарту бойынша нақты қадамдар жасалған.
Риддердегі жылумен қамту жүйесін жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Биыл жылу орталығын келесі жылыту маусымына дайындау және сенімділігін арттыру мақсатында шамамен 2,5 миллиард теңге бөліну жоспарланып отыр.
Андрей Дудник
Фото автордан

