ШҚО-да жаңартылған энергия өндіретін тағы бір нысан салынады
Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Риддердегі электрмен және жылумен қамту нысандарының жұмысымен танысып, жұртшылықпен кездесу өткізді.
Жиында тұрғындар отын-энергетика кешенінде іске асырылып жатқан жобалар туралы хабардар болып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сонымен қатар вице-министр «Риддер ЖЭО» штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын, жабдықтардың тозуы 74,5%-дан 57,7%-ға дейін төмендегенін, қаланы жылумен қамту бойынша жағдай тұрақталғанын жеткізді.
Кездесуде өңірді газдандыру мәселесі де айтылды. Вице-министр Шығыс Қазақстан облысына көгілдір отын жеткізудің екі жолы қарастырылып жатқанын тілге тиек етті. Оның бірі – Рудный-Астана-Павлодар-Семей-Өскемен-Зайсан бағытында батыс өңірден газ тарту. Бұл жобаның құны шамамен – 778 млрд теңге. Екінші жолы – көрші Ресейдің газына қосылу. Бұл нұсқа бойынша Ресей Федерациясы–Қазақстан–Қытай Халық Республикасы бағытында газ құбыры түспек. Қазір біздің мамандар ресейлік әріптестерімен бірлесіп техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу үшін жобаны жан-жақты зерттеп, зерделеп жатыр.
Қазір облыста барлығы бес энергия көзі бар. Олар: Бұқтырма және Өскемен гидроэлектростанциялары мен Согра, Өскемен және Риддер жылу электр орталықтары. Бұған қоса вице-министр 2025 жылға дейін облыста «Еуропа Солар» ЖШС қуаты 1,4 МВт болатын жаңартылған энергия өндіретін тағы бір нысан салуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Кездесу барысында вице-министр тұрғындар тарапынан қойылған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (ТҮКШ), оның ішінде жылумен, электрмен қамтамасыз ету, жанармай бағасының көтерілуі туралы сауалдарға тұшымды жауап берді.
Қуаныш Рахметоллаұлы
Фото: Риддер қаласының ішкі саясат бөлімі