Қанат Бозымбаев ШҚО-дағы су тасқынының алдын алу шараларымен танысты
Шығыс Қазақстанда су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың жұмыс сапары аясындағы негізгі нысандардың бірі жыл сайын су басу қаупі туындайтын Малиевск ауылы болды. Мұнда Бұқтырма өзенінің жағасын бекітуге арналған бөгет салынған. Оның ұзындығы – 1,5 шақырым, ені – 5 метр, биіктігі – бір метрге жуық. Құрылысқа тау жыныстарынан алынған топырақ пайдаланылды. Бөгет автокөлік көпірінің жанынан өтеді – дәл осы тұс су тасқыны кезінде аса қауіпті саналады. Көпір маңында және ағыс бойымен жоғары тағы 1,5 шақырым жағалау күшейтілді. Малиевск ауылында жыл сайын су тасқыны қаупінде 350 үй мен 860 адам болады.
Өткен жылы Алтай ауданында ауқымды жұмыстар атқарылды: Бұқтырма және Маслянка өзендерінің 5 шақырым арнасы тереңдетіліп, тазартылды; Березовка өзенінің аңғарында бөгеттер қалпына келтірілді; Соловьево елді мекенінде өзен арнасы кеңейтіліп, көпір көтерілді; Зубовка, Парыгино және Тұрғысын ауылдарында бөгеттер нығайтылды.
Гидробекеттерден судың деңгейі туралы мәліметтер тұрақты түрде келіп түсіп отырады. Мамандардың нақты әрі жедел жұмысы елді мекендердің қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Шығыс Қазақстан облысы – еліміздегі су тасқыны қаупі жоғары өңірлердің бірі. Сол себепті, Қанат Бозымбаевтың айтуынша, мұнда төтенше жағдай туындағаннан кейін емес, алдын ала әрекет ету, климаттық тәуекелдерді мұқият ескеру – аса маңызды.
Фото: Махаббат Ахметжанова
Дамир Омаров