Қоғам мен билік: Ашықтық пен әділдік – уақыт талабы (видео)
Бүгін Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында «Мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық институттардың өзара жүйелі іс-қимылын іздеу» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті. Бұл маңызды іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев IV Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында айқындап берген маңызды стратегиялық міндеттерге шешім іздеуге негізделген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Дөңгелек үстел» аясында әлеуметтік-демографиялық саладағы өзекті стратегиялық мәселелерді шешу мақсатында мемлекеттік билік институттары мен қоғамдық ұйымдар арасында әлеуметтік-саяси әріптестік орнатудың негіздері талқыланды. Іс-шара барысында ҚР Сенатының, ШҚО әкімдігінің, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ШҚО филиалының өкілдері, сондай-ақ еліміздің ғылыми-сараптамалық қауымдастығының мүшелері баяндама жасады.
Әлеуметтанушы, ғылым кандидаты Элеонора Столярова ашықтық пен әділдік – қазіргі күннің басты талабы екенін, ал қоғамдық институттар арасында өзара тығыз байланыс орнатып, мемлекеттік органдармен бірлескен негіздегі іс-қимыл жүйесін үйлестіру арқылы адами ресурстарды дамытуға болатынын алға тартты. Сондай-ақ ол бүгінгі іс-шара тек пікір алмасу алаңы ғана емес, бұл заманауи технологияны халыққа және бизнеске қызмет көрсету инфрақұрылымы ретінде енгізудің, яғни ғылыми-зерттеу әлеуетін техникалық салада ғана емес, сонымен қатар қоғамдық-саяси қатынастар орнатуда да сәтімен қолдану – еліміздің саяси жаңғыруына берік те тұрақты негіз қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Дөңгелек үстел» барысында мемлекеттік-әкімшілік басқару жүйесі мен әлеуметтік менеджмент саласына ғылыми әзірлемелерді тиімді енгізу мақсатында өңірлердің әлеуметтік-демографиялық ерекшеліктерін ескере отырып жасалған «ASHYQTYQ, YNTYMAQTASTYQ, KOLLABORATIVTIK» атты жүйелі өңірлік өзара іс-қимыл моделі таныстырылып, жан-жақты талқыланды.
Фото: ШҚТУ баспасөз қызметі
Видео: Руслан Акматалиев















