Шығыста ғылымды дамытуға мүмкіндік зор
Ұлттық Ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закария, академияның вице-президенті, академик Асқар Жұмаділдаев, Ғылым департаментінің директоры Руслан Нұрлыбаев, академияның басқарма басшысы Мақсат Бөленбаев және кеңесші-сарапшы Дәурен Нұғыманов Өскеменге жұмыс сапарымен келді. Осыған орай Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «ШҚО жоғары оқу орындары мен кәсіпорындарының ғылыми ынтымақтастығы: мәселелері мен болашағы» тақырыбында жиын өтті.
Делегация өңірлік жоғары оқу орындарының тыныс-тіршілігімен танысуды Шығыстан бастауды жөн көрген. Жиын алдында академия президенті Күнсұлу Закария мен делегация өкілдері ғылыми жобалар көрмесін тамашалап, жоғары оқу орнының ғылыми жетістіктерімен, материалдық-техникалық базасымен танысты.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы – Президент жанындағы жоғары ғылыми ұйым. Ол ғылымды дамытудың өзекті мәселелерін шешу және ғылыми нәтижелер деңгейін арттыру үшін өңірлердің ғылыми әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Ұлттық Ғылым академиясының өкілдерімен қатар өнеркәсіп кәсіпорындарының, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері қатысқан дөңгелек үстел отырысы барысында университет ғалымдарының ғылыми жобалары талқыланып, ғылым саласындағы түйткілді проблемаларды шешу тетіктерін әзірлеу мәселесі қаралды.
Ұлттық Ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарияның сөзінше, өңірлерде ғылымды дамытуды одан да жоғары деңгейге көтеру қажет.
– Өңірлердегі ғылымды дамыту маңызды. Шығыс өңірінде ірі өнеркәсіп орындарының шоғырлануына байланысты мұнда ғылымды дамытудың әлеуеті жоғары. Сондықтан ғылым, өнеркәсіп және бизнес индустриясы жобаларды жүзеге асыру кезінде қатар жүруі керек, – деді Күнсұлу Дальтонқызы.
Университет ректоры Сәуле Рахметуллина жиында айтылған сұрақтар мен мәселелер нақты шешімін тауып, жоба түрінде іске асырылатынын айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының стратегиялық бағыты ретінде ғылымның өркендеуіне айрықша назар аударып, қолданбалы зерттеулердің маңызын, осы бағытта бизнес пен университеттерді шоғырландыру қажеттігін атап өткен болатын.
Университет ректорының айтуынша, Шығыс Қазақстан техникалық университеті бүгінде үш әлеуметтік маңызды функцияны атқарады. Олар: жоғары білікті мамандар даярлау, жаңа білім беру және қоғамға қызмет көрсету.
Университет облыстың инженер мамандарына деген сұранысын қамтамасыз етеді. Студенттер облыстағы 290 кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өтіп, оларда жыл сайын мыңнан астам жас маман жұмысқа орналасады.
Университеттің «үштік спираль: университет, бизнес, билік» үлгісін енгізуде бірегей тәжірибесі бар. Сонымен қатар бірлескен зерттеулердің нәтижелері бойынша технологиялар әзірленіп, тәжірибелік үлгілер алынған. Сонымен қатар коммерцияландыруға дайын өнімдердің үлгілерін өндіріске енгізу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айта кеткен жөн.
Шара барысында Қазақстан-Американдық еркін университетінің президенті Ережеп Мәмбетқазиев, С.Аманжолов университетінің ректоры Мұхтар Төлеген, «Машзавод» ЖШС мен «Өскемен өнеркәсіптік арматура заводы» АҚ басшылары өңірдегі ғылым саласын дамытуға, жоғары оқу орындары мен кәсіпорындардың ғылыми ынтымақтастығын нығайтуға қатысты мазмұнды баяндамалар жасады.
Айжанат Бақытқызы