Шығысқазақстандық оқушы Канада университетінен шақырту алды

Өскемендегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12А сынып оқушысы Дариға Қалымбекова халықаралық деңгейдегі жоғары академиялық жетістігімен танылып, әлемнің үздік жоғары оқу орындарының бірінен шақырту алды.
Жас дарын Канададағы беделді University of Toronto жоғары оқу орнына «Civil Engineering» (азаматтық инженерия) мамандығы бойынша оқуға қабылданды. Бұл жетістікке ол өзінің табандылығы мен білімге деген ынтасының арқасында жетті. Оның SAT – 1510, IELTS – 7.5 және GPA – 5.0/5.0 сынды жоғары көрсеткіштері академиялық дайындығының айғағы.
Дариға мектеп қабырғасында жүріп-ақ ғылыммен шұғылданып, өз саласына терең үңіле білді. Ол химия пәні бойынша желілік ғылыми жобалар байқауына қатысып, «Кендірлік кен орны қоңыр көмірінен алынған гумин қышқылының судағы микроағзаларға әсерін зерттеу» тақырыбында зерттеу жүргізген. Жас зерттеушінің бұл еңбегі экология мен химияның тоғысқан өзекті мәселесін қозғап, судың биологиялық тазалығы мен экожүйе тепе-теңдігін сақтау жолдарын қарастырды.
Сондай-ақ ол Гонконгтағы Hong Kong Baptist University ұйымдастырған «The Essentials of Chemistry in Everyday Life» бағдарламасына қатысып, күнделікті өмірдегі химияның қолданылуын тәжірибе жүзінде зерттеген. Бағдарлама барысында түрлі халықаралық қатысушылармен бірлесіп жұмыс істеп, білімін кеңейтті.
Ол алдағы уақытта азаматтық инженерия саласында елге пайдалы жобалармен айналысуды армандайды.
Фото: НЗМ, Өскемен қаласы