ШҚО-да бағаны тұрақтандыру шаралары жүзеге асырылуда: «Алтай» көтерме-тарату орталығы ашылуға дайын
Шілде айында Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімін сақтау, өңдеу, тарату және төмендетілген бағамен өткізуге арналған жаңа заманауи нысан — «Алтай» көтерме-тарату орталығын(КТО) ашу жоспарлануда. Бұл орталық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын тұрақтандыру жүйесіндегі маңызды буын болмақ.
Өңірде бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында бірқатар антиинфляциялық шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, «Алтай» КТО-ға 245–260 теңге аралығындағы бағамен 175 тонна картоп сатып алынды. Осы шаралар аясында «Ертіс» ӘКК» АҚ мен «A Store», «Дина» ОРК сауда желілері және Өскемен қаласындағы бірқатар дүкендер арасында картопқа сауда үстемесі 15%-дан аспайтын бағамен сату туралы меморандумдар жасалды.
Сонымен қатар, «Ертіс» ӘКК келесі серіктестермен көкөніс пен бакалея өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында қарыз беру туралы келісімдер жасады: Бұл
– «Батай» шаруа қожалығымен – 386 млн теңгеге,
– «Жаса и К» ЖШС-мен – 734 млн теңгеге,
– «Мәді» ШҚ-мен – 388 млн теңгеге картопқа қатысты келісімдер.
Бағаларды бақылау мақсатында қала және аудан әкімдіктері күнделікті сауда үстемесінің 15%-дан асып кетпеуін қадағалау үшін мониторинг жүргізіп отырады. Облыс бойынша 1000-нан астам көтерме сауда өкілдері, сауда нысандары және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен 15%-дық сауда үстемесін сақтау жөнінде меморандумдар жасалған.
Жергілікті өндірушілерді қолдау мақсатында облыс аумағында 227 әлеуметтік бұрыш жұмыс істейді және 263 жеңілдетілген сауда орны нарықтар мен сауда орындарында тегін немесе төмен бағамен ұсынылған.
ШҚО әкімінің баспасөз қызметі



