KZ
Өскемен
-12°
плотный туман Штиль
498.51 522.84 4.81

Бағаны тұрақтандыру: «Ертіс» корпорациясы алдағы маусымға 9 мың тонна көкөніс сатып алды

Фото: depositphotos.com

30.09.2024, 13:05 1 185 Ержан Әбіш

Әлеуметтік маңызды азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 9 мың тонна көкөніс сатып алды. Бұл өнімдер Өскеменнің сауда орындарында 1 қарашадан бастап келесі жылдың 1 мамырына дейін сатылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

«Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы – әлеуметтік азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағдарламасының операторы. Қазіргі уақытта 19 түрлі әлеуметтік азық-түліктің 10-ы бойынша (4 – көкөніс, 6 – бакалея) бағаны тұрақтандыру механизмдері жүзеге асуда.

Бакалея тобы бойынша «Алтай» көтерме-тарату орталығына бірқатар өнімдерге несие берілген болатын. Атап айтсақ, 1550 тонна қант (келісі – 437 теңге) алынған, осы бағамен тұрақтандыру келер жылдың 2 қаңтарына дейін жалғаспақ. 476 тонна күріштің де (460 теңге) бағасы 3 қазанға дейін осы бағамен өзгеріссіз сатылмақ. Сонымен қатар 660 тонна күнбағыс майы (келісі – 630 теңге), 405 тонна қарақұмық (250 теңге), 220 тонна макарон (285 теңге), 137 тонна тұз (70 теңге) да бекітілген бағада сатылымда. Бұлардың бағасын тұрақтандыру 13 желтоқсанға дейін жалғасады. Айта кету керек, аталмыш тауар түрлері жыл он екі ай тұрақтандырылады.

Ал көкөніс тобы бойынша 2024-2025 жылғы маусымаралық кезеңге «Алтай» орталығына 9 мың тонна көкөніс сатылып алынды. Бұл өнімдер 1 қарашадан бастап сауда павильондарында сатыла бастайды. Атап айтсақ, 5500 тонна картоп (келісі – 130 теңге), 1300 тонна сәбіз (130 теңге), 900 тонна пияз (120 теңге), 1350 тонна орамжапырақ (120 теңге) алынған. Бұл өнімдерге бағаны тұрақтандыру келесі жылдың жазына дейін жалғасады.

Өнім күнделікті кәсіпкерлер өтініші бойынша жеткізіліп отырады. Тауарлар «Ертіс» корпорациясының 24 сауда павильоны және өнімдерді өткізу бойынша меморандумға қол қойған 5 серіктес-дүкендер арқылы үстемесіз сатылады.

Алдағы қазан айында көкөністерді 2024-2025 жылдары сату бойынша жаңа меморандумдар жасалмақ. Осыған байланысты 29 тамызда Өскеменнің кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінен, сондай-ақ Кәсіпкерлер палатасынан меморандумға қол қоюға ниет білдірген кәсіпкерлердің тізімі сұралды. Көкөністер меморандумға қол қойған барлық сауда нүктелерінде қосымша құнсыз біртекті бағамен сатылатын болады.

Қазіргі уақытта 24 павильонның 18-і жұмыс істеп тұр, қалған 6 павильон бойынша конкурс рәсімдері жүріп жатыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу