KZ
Өскемен
небольшой снег жел 3 м/с, В
491.71 529.97 5.05

Азық-түлік бағасын ырықтандыру: не істеліп жатыр? – ШҚО

Фото: depositphotos.com

30.07.2024, 18:00 87 Ержан Әбіш

Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын ырықтандыру мақсатында кешенді іс-шаралар қолға алынған. Жыл басынан бері әлеуметтік азық-түлікке баға индексі облыста 99,7%-ды құрады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында «Айналым схемасын» іске асыру үшін облыс бюджетінен қаржы бөлінді. «Ертіс» ӘКК картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат бағасын тұрақтандыру үшін «Агрофирма «Приречное» ЖШС-не қарыз берді.

Азық-түлік тобына (қант, рожки, қарақұмық, күріш, күнбағыс майы, тұз) бағаны тұрақтандыру үшін «Алтай» көтерме-тарату орталығына қарыз берілді. Тұрақтандыру кезеңі жыл соңына дейін есептелген. Өнімдер төмен бағамен «Ертіс» ӘКК павильондарында (қант – 437 тг, рожки – 285 тг, қарақұмық ­– 250 тг, күріш – 460 тг, күнбағыс майының литрі – 630 тг, тұз – 70 тг, картоп – 140 тг, сәбіз – 150 тг, сарымсақ – 80 тг, қырыққабат – 110 тг) сатылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай 2021 жылдан баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссия жұмыс істейді. Жұмыс басталғаннан бері комиссия 191, биыл 56 отырыс өткізді.

Комиссия жұмысының нәтижелері бойынша сауда үстемесінің 15%-дан асып кетуінің, баға белгілері мен жүкқұжаттардың болмауының 111 фактісі анықталды. Ескерту түрінде шаралар қабылданған 92 факт расталды. 19 факт бойынша делдалдар алынып тасталды.

Бұдан басқа, 1 мыңнан астам көтерме сатушылармен, сауда объектілерімен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен 15% сауда үстемесін қолдану туралы меморандумдар жасалды. Сондай-ақ облыс бойынша 227 әлеуметтік бұрыш жұмыс істейді. Жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тұрақты негізде базарлар мен сауда объектілерінде үстеме бағасыз өнімді сату үшін 263 жеңілдікті сауда орны беріледі.

«Алтай» көтерме-тарату орталығының (КТО) құрылысы жүріп жатыр. Сақтау мен өңдеуден бастап тарату мен сатуға дейін сапалы қызметтер көрсету үшін паллеттерді пайдалана отырып, голландиялық технология бойынша сақтау көзделген. КТО-ның жалпы ауданы – 23,2 мың шаршы метр, оның ішінде ауданы 19,9 мың шаршы метр екі көкөніс қоймасы (10 мың тонналық уақытша сақтау қоймасы, 35 мың тонналық ұзақ мерзімді сақтау қоймасы), 1100 шаршы метр әкімшілік ғимараттар кешені, жалпы ауданы 2195 шаршы метр 20 машинаға арналған кросс-док бар.

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері тұрақты өтеді. Жыл басынан облыста 278 жәрмеңке өтті, онда ет, көкөніс өнімдері төмен бағамен сатылды (жыл басынан бері сату көлемі 832,6 млн теңгеге жетті).

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив