ШҚО-да азық-түлік бағасын тұрақтандыру жұмыстары жалғасуда

ШҚО-да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылауда ұстау мақсатында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Соңғы уақытта өңірде қырыққабат, қант және сиыр еті бағасының өсуі байқалды, оған маусымдық өзгерістер, тасымалдау шығындарының артуыжәне өндіріс көлемінің төмендеуі әсер етті. Бұл туралы ШҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ардақ Мадиев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында хабарлады.
Бағаны тұрақтандыру мақсатында өңірде бірқатар шаралар қолға алынуда. Картоп бағасы күрт қымбаттаған тұста «Алтай» көтерме-үлестіру орталығына 175 тонна картоп сатып алынып, 245-260 теңге аралығында ұсынылды. Қазіргі таңда оның 75 тоннасы сатылымда. Сонымен қатар, Өскемендегі ірі сауда желілерімен және дүкендермен келісім жасалып, картопқа қойылатын үстемеақы 15%-дан аспау керектігі белгіленді.
Көкөніс бағасын тұрақтандыру үшін облыстық бюджеттен 4,5 млрд теңге бөлінді. «Ертіс» ӘКК» АҚ 1,1 млрд теңге көлемінде несие бөліп, сауда желілері арқылы бағаларды реттеуге атсалысуда. Бүгінде әлеуметтік дүкендерде картоп – 130 теңге/кг, сәбіз бен қырыққабат – 120 теңге/кг бағасымен сатылуда.
Өңірде азық-түлік бағасына күнделікті мониторинг жүргізіліп, сауда орындарындағы үстемеақының 15%-дан асып кетпеуі қадағаланып отыр. Тексеру комиссиясының жұмысы барысында 86 заңбұзушылық анықталды, оның 82-сі расталды. Сауда үстемесін заңсыз көтергені үшін 49 кәсіпкерге іс қозғалып, 33 дүкенге баға көрсеткіштері болмағаны үшін айыппұл салынды.
Айта кету керек, азық-түлік бағасын тұрақтандырудың тиімді жолдарының бірі – ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері. Биыл өңірде 160 жәрмеңке өткізіліп, жалпы құны 563,3 млн теңгенің өнімі сатылды.