KZ
Өскемен
-39°
туман Штиль
512.16 594.72 6.57

Көмірге тәуелділік жойылмақ: Күршімде орталық жылуға қосылатын үйлер қатары көбеюде

28.05.2025, 13:00 254 Жанаргүл Көкенайқызы

Биыл Күршім ауылының тұрғындары қыста көмір жағудан біртіндеп бас тартып, орталық жылу жүйесіне өтпек. Бұған дейін көмірдің бір тоннасы 32 мыңнан 38 мың теңгеге дейін көтеріліп, ауыл тұрғындарының қалтасына айтарлықтай салмақ түсіріп келген. Ал биылғы жылыту маусымында кемінде 60-тан астам жер үй орталықтандырылған жылуға қосылады деп күтілуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қазір ауылдағы төрт қазандықтың екеуінде жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұрынғы әкімдікке қарасты қазандықтан бастап, негізгі көшелер бойымен ұзындығы 1200 метр болатын жылу құбырлары тартылуда. Бұл №1 мектеп, мәдениет үйі және орталық көшелердегі тұрғын үйлерді жылумен қамтуға мүмкіндік береді.

— Жобаның бірінші кезеңінде әкімшілік нысандар қосылады. Кейіннен тұрғын үйлер кезең-кезеңімен орталық жылу жүйесіне қосылады. Ауыл тұрғындары тартылып жатқан жылу желілерін көріп, өз үйлерін қосуды алдын ала сұрап жатыр. Күзде шамамен 60-қа жуық жеке тұрғын үй жылуға қосылады. Жылу желілерін қайта жаңғырту жобасы осы жылы толық аяқталады, — дейді Күршім ауданы сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жанболат Жәмилхан.

Қазірдің өзінде Күршім ауылындағы 36 көппәтерлі үйдің 9-ы орталық жылуға қосылған. Алдағы жылдары қалған көпқабатты үйлерді де біртіндеп жылу жүйесіне қосу жоспарланған.

Көмірдің орнына – тұрақты жылу. Күршімде қолға алынған бұл жоба – ауылдағы тұрғындардың тұрмысын жеңілдетуге бағытталған маңызды қадам. Тек құбыр тарту емес, бұл – ауыл өмірінің сапасын арттыру жолындағы нақты нәтиже.

Фото: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу