KZ
Өскемен
-5°
небольшая облачность жел 2 м/с, ОБ
498.65 589.06 6.49

Таза айналым – таза су 

28.05.2025, 17:00 232 Гульжан Мусина

Соңғы төрт жылда Үлбі металлургия зауытында қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды іс-шаралар қолға алынды. Атап айтқанда, Үлбі өзеніне ағатын өндірістік ағын сулардың көлемін азайтуға бағытталған арнайы жоспар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Бүгінде зауыттың өндірістік аумағынан Үлбі өзеніне үш негізгі бағыт бойынша өндірістік-ағынды сулар шығарылады – олар ПЛК-1, ПЛК-2 және ПЛК-3. Бұл – зауыттың солтүстік және оңтүстік өндірістік аймақтарынан келетін сулар.

Өндірістік-ағынды сулар дегеніміз не? Бұл – зауыт цехтарындағы жабдықтарды салқындату үшін пайдаланылатын техникалық су. 

Ол Атаманов су торабынан алынып, жұмысын атқарған соң, Үлбі өзеніне құйылмай тұрып шунгитпен толтырылған габиондар арқылы қосымша тазартылады. Сонымен қатар бұл ағындарға өндірістік аймақ пен оған іргелес жатқан аумақтардағы жауын-шашын мен еріген қар сулары қосылады.

Тиімділік неде?
Өндірісті айналмалы сумен жабдықтау жүйесіне көшірудің бірқатар артықшылықтары бар: ең алдымен, табиғи су көздеріне түсетін экологиялық жүктемені азайтады және су тұтынуды едәуір қысқартады. Табиғатты қорғау – Үлбі металлургия зауытының басты басымдықтарының бірі. Оның үстіне, жаңа Экологиялық кодекстің қабылдануы мен Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексіне енгізілген өзгерістер нәтижесінде ластайтын заттардың нормативтен тыс төгінділері үшін салынатын айыппұлдар ондаған миллиард теңгеге дейін өсті. Осыған байланысты зауытта өндірістік ағын суларды Үлбі өзеніне төгуді толықтай тоқтатуға бағытталған нақты Жоспар әзірленді.

Айналмалы сумен жабдықтауға көшетін нысандар қатарына бериллий мен тантал өндіріс учаскелері, азот-сутек-оттегі станциясы, сондай-ақ зауыт аумағында орналасқан Қазақстан теңге сарайы енді. Қазіргі таңда тантал өндірісінің бір цехында, бериллий өндірісінің учаскесінде және азот-сутек-оттегі станциясында айналмалы сумен жабдықтау жүйесі іске қосылды.

 

– Бұрын Атаманов су торабынан алынған су агломерация пештерін салқындатуға жұмсалатын. Жаңа жоба «фрикулинг» технологиясына негізделген – яғни, пештерді сыртқы ауаның температурасын пайдалану арқылы салқындату қарастырылған, қажет болған жағдайда қосымша чиллер – тоңазытқыш машина іске қосылады. Осы мақсатта жылу алмастырғыш орнатылып, қолданыстағы чиллер мен ауа беру жүйелері пайдаланылды. Сондай-ақ сорғылар, арматуралар мен КИПиА жабдықтары сатып алынды. Нәтижесінде, агломерация пештерін салқындатуға техникалық су тұтыну толығымен тоқтатылып, Үлбі өзеніне ағатын су көлемі шамамен 10%-ға қысқарды. Бұл тек бір ғана цехтың нәтижесі, - дейді  тантал өндірісі цехының энергетигі Александр Мишин.

Дмитрий Андреев, бериллий өндірісі бойынша өндірісті дайындау және қайта құру жөніндегі директордың орынбасары:

– Бұрын бериллий өндірісінің негізгі учаскелері айналмалы сумен қамтамасыз етілген болатын, алайда бериллий оксидінен бұйымдар шығаратын учаске бұл жүйеге қосылмаған еді. Соның салдарынан бұл жерде өндірістік су қолданылып келді. Жобаны жүзеге асыру барысында айналмалы су желісі кеңейтіліп, учаске жақын маңдағы нүктелерге қосылды. Екі жұп сорғы, су бактары және қажетті жабдықтар орнатылып, толыққанды айналмалы су торабы іске қосылды. Бұл жүйе сағатына шамамен 15 текше метр ағын суды сыртқа төгуді болдырмай отыр.

Евгений Мозговой, уран өндірісі бойынша өндірісті дайындау жөніндегі директордың орынбасары:

– Бұрын азот-сутек-оттегі станциясындағы жабдықтарды салқындатуға өндірістік суды пайдалану үшін айналмалы су жүйесінің қысымды құбыры қолданылған. Алайда сұйық азот пен оттегін алу үшін ауа бөлетін құрылғыда алдын ала ауаны салқындатуға арналған чиллер болмағандықтан, бізге өндірістік суды қолдануға тура келді. Бұл өз кезегінде ПЛК жүйесіне өндірістік ағын сулардың ағуына себеп болды. Жаңа жүйе аясында өндірістік және айналмалы су құбырлары бөлектеліп, нәтижесінде өндірістік сумен салқындатылатын жабдықтар саны азайып, қалған сулар қайта айналым жүйесіне жіберілетін болды. Бұдан бөлек, азот өндіретін бөлімдегі жылу алмастырғыштарды салқындату үшін чиллер орнатылды. Осылайша ПЛК жүйесіне өндірістік су ағуын толық жойдық.

 

Көршілестік ұстанымымен
Зауыт аумағында орналасқан Қазақстан теңге сарайы да өз үлесін қосып отыр. Су төгінділерінің жалпы көлеміне тигізетін әсері аз болғанымен, теңге сарайында да жабық циклді айналмалы су жүйесін орнату бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалу үстінде. Онда су чиллері қарастырылған.

Евгений Чумин, өндірістік қауіпсіздік директоры:

– Бұл жобаның кәсіпорынға тікелей экономикалық пайда әкелмегенімен, оның маңызы зор. Ең алдымен, экологиялық әсері елеулі. Біз бериллий өндірісі мен азот-сутек-оттегі станциясынан шығатын ағын суларды толық тоқтаттық. Бұл өңірдегі су ресурстарын сақтау ісіне нақты үлес болып отыр. Сонымен қатар бұл – суды үнемдеуге бағытталған ең үздік қолжетімді технологиялардың тиімділігін көрсететін нақты мысал. Бұл қадам біздің компанияның су ресурстарын тұрақты басқаруға деген жүйелі ұстанымын да айқындайды. Алдағы уақытта тантал өндірісінің өзге де цехтары айналмалы сумен қамтылмақ. Басты мақсат – зауыттың барлық өндірістік алаңдарынан Үлбі өзеніне ағатын төгінділерді толық жою.

Жалпы алғанда, айналмалы сумен қамтуға көшу нәтижелері қазірдің өзінде байқалуда: Үлбіге төгілетін су көлемі жылына 362 мың текше метрге немесе 15,4%-ға қысқарды, ал зиянды заттардың төгіндісі 24 тоннаға немесе 10,2%-ға азайды. Бұл жобаны жүзеге асыруға қазіргі таңда 180 миллион теңге (ҚҚС-сыз) көлемінде қаражат жұмсалды. Нәтижесінде өңірдің басты су көзіне түсетін жүктеме едәуір жеңілдеді.

Анна Чумина

Үлбі металлургия зауытының баспасөз қызметінен

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу