«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі аясында Шығыс Қазақстан облысының аудандары Катонқарағай ауданына келіп, киіз үй тігіп, этноауыл құрып жатыр. Облыстың күнтізбесіндегі ерекше шараға дайындық қарқыны көз қуантады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Көркіне көз тоймайтын аудан орталығының баурайына тағы бір ауыл бой көтергендей әсер қалдырады. Құдды бір көшпенді өркениеттің тынысы тарих қойнауынан қайта оралғандай. Өңірдің әр ауданы өзіне бөлінген орынға екі-үш киіз үй тігіп, этноауылдың ажарын ашып отыр.
Алтай ауданы бұл шараға туристік әлеуетін таныстыратын ақпараттық стендтер мен кен орындарының қуатын паш ететін көрмелік жәдігерлерін алып келген.
– Республикалық және халықаралық деңгейдегі шараға қатысып отырғанымызға өте қуаныштымыз. Катонқарағайдың табиғаты мен туристік әлеуеті зор. Бұл шара тек осы аудан үшін емес, облысымыздың өзге өңірлерінің де дамуына серпін береді деп сенеміз. Біз екі киіз үй тігіп, қонақтарымызды қарсы алуға дайындалып жатырмыз. Бірінші киіз үйде – ауданның туристік әлеуетін, ал екінші үйде – мәдени мұрамыз бен мұражайымыздың құнды жәдігерлерін таныстырамыз, – дейді Алтай ауданының мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Арман Асхатов.
Биыл Глубокое ауданының құрылғанына 60 жыл толып отыр. Ауданның әлеуметтік, экономикалық, мәдени әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді. Фестивальға аудан тұрғындары өңірдің 60 жылдық тарихын арқалап келген.
– Бүгінгі мереке тек Катонқарағай үшін емес, өз ауданымыз үшін де үлкен қуаныш. Екі мереке қатар келіп, бір-бірін толықтырып отыр. Біз Глубокое ауданының құрылу тарихынан бастап бүгінгі жетістіктеріне дейінгі жолын көрсетуді жөн көрдік. 1965 жылы құрылған ауданның білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік салалардағы жетістіктерін паш етіп келеміз. Білім саласының өкілі ретінде ауданда үш «Жайлы мектеп» салынып жатқанын, жаңа ауруханалар бой көтеріп жатқанын мақтанышпен айтамын. Ауданның өсіп-өркендеуі бәріміз үшін үлкен қуаныш, – дейді Глубокое ауданы, Прогресс орта мектебінің директоры Рысгүл Мұратбекова.
Фото: Жібек Нұрахмет