Ауылға арналған жаңа қаржылық бағдарламалар іске қосылады
Фото: pexels.com
Ауыл шаруашылығы министрлігі «Бәйтерек» ұлттық холдингімен бірлесіп, мал өсірушілерге арналған жаңа несие бағдарламасын іске қоспақ. Бұл бастама бордақылау алаңдарын және жалпы мал шаруашылығы бағытындағы кәсіпкерлікті қолдауға арналған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Министрліктің мәліметінше, бағдарлама аясында жылдық 5% мөлшерлемемен 50 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие беру жоспарланып отыр. Кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында «Даму» қоры арқылы кепілдендіру тетігі де қарастырылған.
Кеңесте сондай-ақ:
- Мал шаруашылығына арналған жаңа жеңіл несие бағдарламасын іске қосу;
- «Кең дала – 2» бағдарламасына жылыжай мен бақ шаруашылығын қосу;
- СҚО-дағы сәтті тәжірибені өзге өңірлерге тарату;
- Бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету сияқты нақты тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар, келесі жылы ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы аясында 250 млрд теңге бөлінеді. Бұл 6 мыңға жуық жаңа техника сатып алуға жол ашады. Бағдарлама басталғалы 140 млрд теңгеге жуық 3 640 өтінім келіп түскен.
Тағы бір жаңалық — өңдеу өнеркәсібін ынталандыру үшін несие мөлшерлемесін 5%-ға дейін арзандатуға мүмкіндік беретін жаңа субсидиялау механизмі енгізілуде. Бұл бағытқа 44 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді.
Министрлік бұл шаралар отандық ауыл шаруашылығының өнімділігін арттырып, шаруалардың мүмкіндігін кеңейтеді деп отыр.
Дереккөз: ҚР АШМ