KZ
Өскемен
-18°
туман жел 1 м/с, С
514.31 603.03 6.4

Ауызсуға толық қолжетімділік: Тарбағатайда ірі жобалар іске асуда

Фото: pexels.com

27.06.2025, 12:00 256 Төлеуғазы Жансая

Тарбағатай ауданында алдағы жылдары барлық ауылдық елді мекендер орталықтандырылған таза ауызсумен толық қамтылады. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Марат Қызов Өскеменде өткен Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Аудан бойынша 28 елді мекеннің барлығы ауызсумен қамтамасыз етілген. Дегенмен, біз тек бармен шектеліп қалмай, су жүйелерін жаңартып, кеңейту жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. Нақты мақсат – әрбір ауыл, әрбір үйге сапалы, таза су жеткізу, – деді Марат Қызов.

2023 жылы су және кәріз жүйелеріне қатысты 8 жоба басталған. Бұл мақсатқа 615,6 миллион теңге бөлінген. Соның ішінде 3 жоба 2024–2025 жылдарға өтпелі. Биыл осы жобаларға тағы 346,1 миллион теңге бөлініп, қаржы толық игерілді.

Құйған және Жаңауыл ауылдарында ауызсу жүйесі қайта жаңғыртылып жатыр. Жобалардың жалпы құны – 842 миллион теңге. Жұмыстар биыл аяқталады деп жоспарлануда.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Ақжар ауылындағы кәріз жүйесі жаңартылып, үйлерді орталық желіге қосу жұмыстары жүргізілді. Бұл жобаға 418,1 миллион теңге жұмсалған.

Қазіргі таңда Жаңатілеу, Асусай, Шорға және Шеңгелді ауылдарында су құбыры желілері тартылып жатыр. Құрылысты бастау үшін қажетті қаражат бөлініп, мердігерлер анықталған. Жобаның жалпы құны – 1,6 миллиард теңгеден асады. Соның 663,3 миллион теңгесі 2025 жылға арналған.

Алдағы уақытта Шолақорда, Тауке, Ахметбұлақ ауылдарына су тарту жоспарланып отыр. Бұл жобалар бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптамадан оң нәтиже алынған. Қажетті қаражат – 1,77 миллиард теңге.

Сонымен қатар, аудандық бюджет есебінен Жамбыл және Дәулетбай ауылдарына су тарту бойынша жобалық құжаттар әзірлеуге 10 миллион теңге бөлінген. Ал Қарой, Сарыөлең, Жалғызтал және Шеңгелді ауылдарының жер асты су қорын зерттеуге 2 миллион теңге бағытталған.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу