KZ
Өскемен
-6°
пасмурно жел 1 м/с, С
521.81 543.67 5.05

Аудан тұрғындарын ауызсумен қамту: үш жылдық жоспар

pixabay.com

Кеше, 08:50 83 Төлеуғазы Жансая

Таза ауызсу – тұрғындардың өмір сапасын арттырудағы басты факторлардың бірі. Осы мақсатта аудан басшылығы тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша ауқымды үш жылдық жоспар құрған болатын. Бұл жоспардың басты мақсаты – 2027 жылға қарай аудан тұрғындарын 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Оған қол жеткізу үшін орталықтандырылған су жүйесін тұрғын үйлерге қосу және көше колонкаларын орнату жұмыстары атқарылуда. Өткен 2023 жылы су және кәріз жүйелерін салу және қайта жаңғырту мақсатында жалпы сомасы 615,6 миллион теңгеге 8 жоба жүзеге асырыла бастады.

Құйған және Жаңауыл ауылдарындағы ауыз су жүйелерін қайта жаңғырту жобалары биылғы 2024 жылы да жалғасып жатыр. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін ауыл тұрғындарының таза суға деген қажеттілігі толығымен шешілмек.

Аталған жұмыс «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында 2023 жылы 160,2 миллион теңге бөлініп, жеке тұрғын үйлерді орталық кәріз желісіне қосу жұмыстары жүргізілді. 2024 жылы бұл жобаға қосымша 224,1 миллион теңге қарастырылып, жұмыс толық аяқталды.

Сарыөлең ауылындағы сумен жабдықтау жүйесінің ағымдағы жөндеу жұмыстарына 10 миллион теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары сәтті аяқталды.

2023 жылы Шолақорда, Тауке және Ахметбұлақ ауылдарында су құбыры желілерін салуға арналған жобалық-сметалық құжаттамалар (ЖСҚ) әзірлеу жұмыстары басталды. Бұл жұмысқа 15 миллион теңге бөлінді. ЖСҚ дайын болғаннан кейін, осы ауылдарда сумен жабдықтау жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік туады.

2024 жылы тағы 4 ауылда — Жаңатілеу, Асусай, Шорға және Шеңгелді — ауыз су құбыры желілерін салу жоспарланып отыр. Жобалардың жалпы құны 1,668 миллиард теңгені құрайды: Жаңатілеу ауылы – 365,1 миллион теңге; Асусай ауылы – 458,7 миллион теңге; Шорға ауылы – 466,3 миллион теңге; Шеңгелді ауылы – 466,3 миллион теңге.

Қазіргі уақытта аталған жобалар бойынша ЖСҚ дайындалып, экспертизаның оң қорытындысы алынды. Бұл жұмыс тұрғындардың таза ауыз суға қолжетімділігін қамтамасыз етуде маңызды қадам болып табылады.

Таза ауыз сумен қамтамасыз ету – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды орын алатын сала. Аудан басшылығы қолға алған үш жылдық жоспардың арқасында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Олардың нәтижесінде тұрғындар сапалы ауыз суға қол жеткізіп, ауылдардың инженерлік инфрақұрылымы жақсара түсуде.

Бұл – ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыру мен ауылдық жерлерді дамытуға бағытталған тиімді қадамдардың бірі. Тұрғындарды таза сумен қамтамасыз ету жұмыстары 2027 жылы аяқталғаннан кейін ауданның барлық ауылдарында сумен жабдықтау жүйесі толықтай жаңартылып, 100 пайыздық қамтамасыз ету көрсеткішіне қол жеткізілмек. Бұл жоспардың табысты жүзеге асырылуы тұрғындардың әл-ауқатын арттыруда маңызды рөл атқарады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу