ШҚО-да кей азаматтар үшін МӘМС жарнасы жергілікті бюджеттен төлене бастайды
Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қолжетімділік кеңейіп келеді. Енді жаңа ережелер бойынша бұған дейін жүйеге кірмеген азаматтар да сақтандырылған мәртебеге ие бола алады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысында 105 мыңнан астам адам, яғни облыс халқының 14,6 пайызы сақтандырылғандар қатарына кірмей отыр.
Бұл мәселе 7 шілдеде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасынан кейін шешімін таба бастады.
2025 жылғы шілдеден бастап жаңа ережелер күшіне енді. Енді жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік жағдайы күрделі және дағдарыстық деңгейдегі азаматтар (D және E деңгейлері) үшін жарна төлейді. Сонымен қатар ресми тіркелген жұмыссыздар да тізімге енгізілді.
Бұл өзгерістер МӘМС жүйесімен барынша көп адамды қамтып, аймақтардың жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау салаларындағы рөлін күшейтуді көздейді.
2026 жылға дейін еліміз бойынша 1 миллионға жуық адам, соның ішінде Шығыс Қазақстанда 25 мыңнан астам азамат қосымша сақтандырылған мәртебеге ие болады деп күтілуде.
Тағы бір маңызды өзгеріс – жеңілдік кезеңінің ұзартылуы. Бұрын азамат жұмысынан айырылып, жарна төлемеген жағдайда сақтандыру мәртебесі тек үш ай сақталатын. Енді бұл мерзім алты айға дейін ұзартылды.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС жүйесінде жарна есептелетін табыстың жоғарғы шегі өзгереді: жұмыс берушілер үшін – 40 ең төменгі жалақы (шамамен 3,4 млн теңге), қызметкерлер үшін – 20 ең төменгі жалақы (1,7 млн теңге).
Жарна мөлшері өзгермейді, тек есептелетін табыстың шегі ғана көтеріледі. Бұл шара табысы 3,4 миллион теңгеден асатын 20 мың адамға қатысты болады. Ал қызметкерлердің 91 пайызы үшін бұрынғы шарттар сақталады.
Балалар, зейнеткерлер, жүкті әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандар және басқа да жеңілдікке ие азаматтар үшін жарнаны мемлекет бұрынғыдай төлей береді. Бұл төлемдер республикалық бюджеттен бөлініп, олардың медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Жоспар бойынша мемлекеттік жарна көлемі кезең-кезеңмен артады: 2027 жылы 2,2%-ға, 2037 жылға дейін 4,7%-ға дейін көтеріледі.
Айта кетерлігі, бұл өзгерістер жұмысшылар мен жұмыс берушілер үшін жарна мөлшерін өзгертпейді.
Барлық жаңалықтар ортақ жауапкершілік қағидатын іске асыруға және әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, азаматтардың әділетті медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Роксана Глыбова
Фото: Жібек Нұрахмет



