KZ
Өскемен
-16°
небольшой снег жел 1 м/с, СШ
503.35 590.63 6.62

«Өскемен-1» теміржол вокзалы толықтай жаңартылып жатыр

18.09.2025, 19:15 256 Әбішев Ержан


18 қыркүйек күні еліміздің Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Защита шағын ауданындағы «Өскемен-1» теміржол вокзалына барып, онда жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жаңғырту аяқталған соң вокзал ғимараты айтарлықтай кеңейіп, барлық заманауи талаптарға сай болмақ. Бұрынғы ғимарат ескіріп, қазіргі нормативтерге сәйкес келмегендіктен, нысанның бір бөлігін бұзып, толық реконструкция жүргізу туралы шешім қабылданған.

– Біз ғимаратты перрон бағытына қарай кеңейтіп, екі қабатты етіп салып жатырмыз, – деді жобаның бас сәулетшісі Екатерина Голованова. – Жалпы алғанда ғимарат көлемі айтарлықтай үлкейеді. Биіктік айырмасына байланысты толыққанды жертөле де салынды.

Қыста қауіпсіздікті арттыру үшін бұрын сыртта орналасқан баспалдақ ғимарат ішіне ауыстырылды.

– Жоспарлау шешімдеріне келсек, біз ғимараттың тарихи келбетін барынша сақтауға тырыстық. Яғни, тарихи бейнесі жоғалмайды, – деп қосты Екатерина Голованова.

Жаңартылған вокзалдың бірінші және екінші қабатында күту залдары мен санитарлық тораптар орналасады. Сондай-ақ балалармен келетін жолаушыларға арналған аумақтар, күту бөлмесі, лифт, ана мен бала бөлмесі болады. Вокзал мүмкіндігі шектеулі жандардың да қажеттіліктеріне бейімделеді.
Қазіргі кезде барлық жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр, айтарлықтай кідіріс немесе мәселе жоқ.

Көлік вице-министрі Талғат Ластаев жұмыстардың барысымен танысып, құрылыс жолаушыларға қолайсыздық туғызбауға тиіс екенін атап өтті.

– Қысқа дейін дайындалып, жолаушыларға барынша жайлы жағдай жасау қажет, – деді Талғат Ластаев.

Вокзал өкілдері жолаушыларды орналастыруда еш қиындық болмайтынын жеткізді.

Елизавета Седых
Фото: Жібек Нұрахмет
Видео: Жалғас Сақадиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу