Әрдайым алда болу – басты міндет. "Шығыс-ақпарат" басшысымен сұхбат
Еліміз бен облыс аумағындағы оқиғаларды қалт жібермейтін «Шығыс ақпарат» медиахолдингі өңір тұрғындарын шынайы ақпаратпен сусындатып келеді. Өңірлік медиахолдинг басқармасының төрағасы Ерлан Смағұлов технологиясы көз ілеспейтін жылдамдықпен ілгерлеген замандағы журналистиканың даму жайын тарқатты.
– Бұқаралық ақпарат құралдары қоғам өмірінің ажырамас бөлігі екені белгілі. Айтыңызшы, осы сегментте «Шығыс ақпараттың» атқарар рөлі қандай?
– Бүгінде медиахолдингтің құрамына кіретін барлық бөлімдер өңірдің ақпараттық кеңістігін ойдағыдай игеруде. Ерекше даму жолынан өткен облыстық Didar және «Рудный Алтай» газеттері, өзіне тән жоғар кәсібилік, әділдік, деректілік және бірегей стильді сақтай білді. Өзіндік тарихы бар бұл басылымдар ел арасында танымал әрі оқырманы қалың.
Газеттеріміз даму жолында елімізбен бірге өзгеріп отырды. Ресми болса да тез арада ел арасында сүйіп оқитын басылымдарға айналды. Өйткені, дұрыс жолды таңдай білді. Яғни, оқырманға құрғақ емес, қорытылған материалдар ұсынды. Бұл газеттерде шығысқазақстандықтардың басын ауыртып, балтырын сыздатқан мәселелер қозғалып, сауалдарына жауап беріледі.
Сонымен қатар, «Шығыс ақпарат» ЖШС-ның құрамында екі тілде шығатын алты аудандық газет пен Altaynews.kz жаңалықтар сайты бар.
Оқырмандарымыз көкейкесті мәселелерін шешу үшін жүгініп, түрлі тақырыптар бойынша өз пікірлерін білдіреді. Сауал жолдап, оларға түрлі мамандардан толыққанды жауаптар алады.
Тағы бір айта кетерлік жайт – басылымдарымыздың республикалық дәрежеге тән сапасы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірімізге жасаған ресми іс-сапары кезінде оның баспасөз қызметі мен Президент әкімшілігінің қызметкерлері тарапынан бағаланған болатын.
– Соңғы жылдары дәстүрлі баспа өнімдерін сандық аналогтардың алмастырып жатқаны жасырын емес...
– Өкінішке қарай, газет-журналдардың оқырмандар арасындағы танымалдылығы азайып бара жатқаны рас. Сол себепті, медиахолдинг онлайн-аудиторияға бет бұрып, оларға газеттің электронды нұсқасын, электронды БАҚ пен әлеуметтік желілерге бірегей контент ұсына бастады.
Құзырет кеңейіп, оқырмандармен қатар тілшілерге де жаңа мүмкіндіктер есігін ашты. Мемлекеттің, азаматтық қоғам мен халық арасындағы диалог кеңейіп, ақпарат алмасу жеделдеді.
«Шығыс ақпараттың» жұмысы 24/7 форматында жүргізілетін SMM (Social media marketing) бөлімінің негізгі міндеттері – әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстарда жарияланған өңірдің проблемалық мәселелерін талдап, түрлі (бейне, мәтіндік, инфографикалар мен басқа да) материалдарды жасап, тарату арқылы аймақ тұрғындарын хабардар ету болып табылады. Сондай-ақ, әлеуметтік желілердің мүмкіндігін пайдалана отырып жалған ақпаратты теріске шығару да бүгінгі күннің басты талаптарының бірі.
– Аймақ тынысын қалт жібермей саралап отыратын қызметкерлеріңіз жайында айта кетсеңіз.
– «Шығыс ақпаратта» тілшілерден, редакторлардан, фото және бейне операторлар мен контент-менеджерлерден құралған кәсіби командасы бар. Олардың барлығы өз істерін сүйетін белсенді әрі жаңашыл азаматтар. Тұрақтылығы мен сенімділігінің арқасында медиахолдинг ұжымда жайлы шығармашылық орта қалыптастырып, қызметкерлерінің әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік беріп отыр.
Ардагерлеріміз де назардан тыс қалған емес. Олардың сіңірген еңбектерін бағалап, атаулы күндерде алғыс айтуды, салатанатты шараларға шақыруды ұмытпаймыз. Бізге дейінгі буынның ерекше еңбегін елеп, олардың тәжірибелерін қолданамыз.
Сонымен қатар, біздің дәстүрімізді, медиасаланың өткені мен бүгінін танып білгісі келетіндер облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасымен бірлесе құрылған Журналистика музейіне баруларына болады. Мұнда осыған дейін редакция мұрағаттарында сақталып келген ескі газеттер, қолжазбалар, көне сиясауыттар, алғаш шыққан фотоаппараттар мен баспа машиналары сияқты жүздеген жәдігерлер қойылған. Түрлі құжаттармен, фотосуреттермен, грамоталар мен мадақтамалармен қосылып, мұның барлығы өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының даму тарихынан сыр шертеді. Құнды экспонаттарды орналастыру үшін Солжағалау кешеніндегі этноауылда жеке ғимарат бөлінді.
– Корнавирустық пандемияның медиакеңістікке әсері қандай болды?
– Барлық саладағы өзгерістер медиакеңістікті де айналып өтпей, журналистикаға өзінше өзгерістер енгізді. Пандемия кезінде шынайы ақпаратқа деген қажеттілік еселеп өсті. Ал оны жинау қызметкерлерімізге ауруды жұқтырып алу қаупін төндірді. Дерттің дендеуі басқару ісін өзгертіп, жұмыстың қашықтықтан істелуі медиахолдинг бөлімдерінің арасындағы динамикаға әсер етті.
Өткен жылдың наурыз айында ұжымның басым көпшілігі қашықтықтан жұмыс істеуге көшірілді. Медиахолдингтің барлық бөлімдері қатынассыз режимде жұмыс істеді. Бірақ, бұл тілшілерге шынайы әрі сапалы ақпаратты уақытылы беріп отыруға еш кедергісін тигізген емес. «Шығыс ақпараттың» тілшілері өз материалдары арқылы пандемия кезінде өзара түсіністікті қалыптастырып, қоғамның дертке қарсы күресін күшейте түсті.
Пандемиямен күресте жедел ақпараттар, мамандардың кеңестері мен ұсыныстарын, жүріп-тұру ережесі мен жекебас гигиенасы сияқты көмекті күні бүгінге дейін оқырмандар арасында насихаттап келеміз.
– Ерлан Төлеуұлы, медиажүйенің өзгерістері баспа индустриясына да өзіндік өзгерістерін енгізген шығар?
– «Шығыс ақпарат» ЖШС-ның заманауи полиграфиялық базасы өңірдегі ірі баспаханалардың бірі саналады. Ақпарат пен жарнама нарығының үлкен бөлігін интернет кеңістігі жауалап алған заманда баспа ісінің кенжелеп қалғаны рас.
Цифрландыру кезінде газет, журнал басу біршама қысқарғанымен, типографиялық қызметке деген сұраныс азайған жоқ. Мұнда 25-тен астам өңірлік басылымдар басылып, кітаптар, кітапшалар мен бланк өнімдері шығарылады.
«Шығыс ақпарат» ЖШС-ның баспаханасы MANUGRAF фирмасының заманауи SityLine Express орамалы-офсетті баспа машинасымен жабдықталған. Бұл құрылғы сағатына 30 мың баспа табақ шығара алады. Баспаның жоғары сапасын тапсырыс берушілермен қатар, оқырмандарымыз да бағалап отыр. Баспахана басылымдарды ақ-қара түспен қатар, түрлі-түсті етіп те шығарады.
– «Шығыс ақпарат» жаңа жылға қандай жоспарлармен қадам басты?
– Қалыптасқан дәстүрді сақтай отырып жұмысты ұйымдастыру, заманауи технологияларды қолдану. Уақыт өз дегенін істетуде. Алдымызда жаңа асулар, жаңа кезеңдер тұр. Шығыс Қазақстанның медиакеңістігінде көшбасшылық позицияның ұстап қалу үшін оларды игеруіміз қажет. Біз барлық шығысқазақстандықтар үшін қызықты әрі пайдалы істер істеуге әрдайым тырысамыз.
Сұхбаттасқан - Бақыт Сәрсенбаева