Өскеменде мұздай Ертіске құлап ағып бара жатқан әйел құтқарылды
Бүгін Өскемендегі Самал саябағынан төмен Ертіс жағасында жүрген адамдар суға батып бара жатқан әйелді байқап қалды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Белгілі болғандай, 1960 жылғы қала тұрғыны сүрініп суға құлап, ағын екпіні алып кеткен. Шамамен 100 метрдей аққаннан кейін, жағаға қарай жүзген. Алайда жағаға шыға алмады. Оқиға орнына құтқарушылар келгенге дейін судағы адамды куәгерлер мен полиция қызметкерлері жағада ұстап тұруға көмектескен.
Дереу арада оқиға орнына қайықпен құтқарушылар келіп жетті. Полиция қызметкерлері мен оқиға орнында болған куәгерлер құтқарушыларға көмектесіп, жедел жәрдем шақырып, әйел адамды дәрігерлерге тапсырды. Қазір оның жағдайы қанағаттандырарлық.
ШҚО ТЖД қауіпсіздік ережелерін естен шығармауға кеңес береді. Сонымен қатар, егер құтқарушылардың көмегі қажет болған жағдайда 112 нөміріне хабарласуға болады.