KZ
Өскемен
+4°
небольшой дождь жел 9 м/с, Ю
509.94 593.88 6.43

Үлкен Нарын: екі жыл – қалыптасу мен дамудың берік кезеңі

29.12.2025, 20:00 114 Базарова Айгүл

Үлкен Нарын ауданының құрылғанына биыл екі жыл толды. Осыған орай ауданда «Өркендей бер, Үлкен Нарын!» атты салтанатты мәдени шара өтіп, аудан халқы үшін маңызы зор тарихи дата кең көлемде аталып өтті, деп хабарлайды Altainews.kz.

Мерекелік кешке аудан тұрғындары, еңбек ардагерлері, жастар мен өнер сүйер қауым жиналды. Шараның салтанатты бөлімінде Үлкен Нарын ауданының әкімі Елдос Байрахметов баяндама жасап, ауданның құрылу тарихына тоқталып, екі жыл ішінде атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелерге кеңінен шолу жасады.

— Осыдан тура екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Үлкен Нарын жеке аудан болып құрылды. Бұл шешім өңір тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берді. Өткен екі жыл — қалыптасу мен даму кезеңі болды, — деді аудан әкімі.

Қысқа уақыт ішінде Үлкен Нарын ауданы дербес әкімшілік бірлік ретінде өз жұмысын жүйелі жолға қойып, инфрақұрылым мен әлеуметтік саланы дамыту бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізді.

— Екі жыл ішінде аудан аумағында 20-дан астам инфрақұрылымдық жоба іске асырылды. Үлкен Нарын ауылында 11 көше жөнделіп, соның ішінде Панфилов көшесіне асфальт төселді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Кіші Нарын ауылындағы 4 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Солдатово ауылының кіреберісіндегі су өткізу құбыры жаңартылды. Сонымен қатар Үлкен Нарын, Ново-Хайрузовка және Солоновка ауылдарында бірқатар көшеге қиыршық тас төселіп, тегістеу жұмыстары жүргізілді. Бұл — жаңа аудан үшін нақты нәтиже әрі тұрақты дамудың алғашқы қадамы, — деп атап өтті Елдос Байрахметов.

Абаттандыру және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында да ауқымды жұмыс жүргізілді. Үлкен Нарын ауылында спорт және балалар алаңы салынды, орталық саябақтағы Жеңіс сквері мен орталық сквер жаңартылды, ауыл лицейі маңындағы футбол алаңы жөндеуден өтті. Сонымен қатар аулаішілік су қалдығын шығару жүйелері қалпына келтіріліп, қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны жөнделді және контейнер алаңдары орнатылды.

Елді мекендерді кезең-кезеңімен жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, Үлкен Нарын, Солоновка, Майемер, Сенное және Бесүй ауылдарының бірқатар көшесіне жарық шамдары орнатылды.

Тіршілікті қамтамасыз ететін маңызды салалардың бірі – жылумен және сумен қамту жүйелері де қарқынды түрде жаңғыртылды. Үлкен Нарын ауылындағы «Орталық», «Аурухана» және «Агроколледж» қазандықтары толық жөнделіп, орталық жылу желісіне жаңа нысандар қосылды. Сондай-ақ, Огнев көшесіндегі бес көпқабатты тұрғын үйге дейін магистральдық жылу желісі тартылды.

— Бүгінде ауданның 20 елді мекенінің барлығы 100 пайыз таза ауызсумен қамтылған. Алтынбел, Үштөбе және Солдатово ауылдарында су құбырлары жөнделіп, Жұлдыз ауылында ағымдағы жұмыстар жалғасуда. Үлкен Нарын ауылындағы су жүйесін жаңғырту жұмыстары 98 пайызға жетті. Жылу жүйесін жаңарту нәтижесінде бұрын жиі тіркелетін шағымдар тоқтап, тұрғындар керісінше орталық жылуға қосылуға өтініш бере бастады. Бұл — атқарылған жұмыстың нақты нәтижесі, — деді аудан басшысы.

Білім беру саласында Көкбастау орта мектебінде жаңа спорт залы пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Үлкен Нарын орта мектебінде бастауыш сынып оқушыларына арналған ұзартылған күн тобының пилоттық жобасы іске қосылып, ата-аналар тарапынан оң бағасын алды. Бұл тәжірибені алдағы уақытта Дамитов атындағы мектепте енгізу жоспарлануда.

Медицина саласында материалдық-техникалық база нығайтылып, заманауи компьютерлік томограф пен мобильді рентгендік маммографиялық кешен сатып алынды. Ново-Хайрузовка ауылында апатты деп танылған медициналық пункттің орнына жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт салу жөнінде шешім қабылданды.

Салтанатты шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азамат Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың Құрмет грамоталарымен, сондай-ақ аудан әкімінің марапаттары мен алғыс хаттарымен марапатталды.

Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, аудан өнерпаздарымен қатар Қазақстан эстрадасының танымал әншілері Жігер Ауыпбаев пен Қуандық Рахым сахна төрінде өнер көрсетті.

Үлкен Нарын ауданының екі жылдық мерейтойы өткенге құрмет, бүгінге баға және болашаққа сеніммен қадам басудың айқын көрінісіне айналды.


Фото: Аудан әкімдігі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу