KZ
Өскемен
+2°
пасмурно жел 2 м/с, В
511.22 540.05 4.73

Даниал Ахметов көпбалалы аналармен кездесті

30.12.2020, 14:30 260

Көпбалалы аналар мәселесі бүгін кезекті рет Шығыс Қазақстанда талқыға түсті. Өңір басшысының бастамасымен құрылған облыстық көпбалалы және аз қамтылған отбасылармен жұмыс жөніндегі комиссия бизнесті бастау, оқушылардың білім сапасын арттыруға қатысты сұрақтарды ортаға салды.

Былтыр облыста құрылған арнайы комиссия бүгінде өңірдегі көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларының мәселелерін аймақ басшысының алдында ашық көтеретін бірден-бір органға айналды. Осыдан екі ай бұрын өткен жиында көпбалалы отбасыларынан шыққан түлектерге грант беруде жеңілдіктер қарастыру, «Еңбек» бағдарламасына қатысушылардың есеп-шоттарын бұғаттамау, мектептер мен балабақшаларда арнайы топтар ашу, білім шаңырақтарындағы тамақ пен берілетін киім сапасын тексеру сияқты мәселелер көтерген-ді. Бүгінде бұлардың дені өз шешімін тауып, тиісті орган басшылары есептерін берді.

Мектептер мен балабақшаларда көпбалалы және аз қамтылған отбасыларының балалары үшін ұзартылған топтарды ашу мәселесі зерттелінді. Облыс бойынша мұндай қажеттілік 201 мектепте байқалады. Балалардың тізімі жасақталды. Эпидемиологиялық жағдай жақсарғаннан кейін топтар ашылып, өз жұмысын бастайды. Ал оқушылардың аяқ киіммен қамтамасыз ету бағытында келесідей шешім қабылданды. Яғни, 44 мың баланың ата-анасы өз қалаулары бойынша не жаздық, не қыстық аяқ киім алатын болады, - деді облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова.

Облыс көлемінде бұл санаттағы отбасыларын қолдауға бағытталған кешенді жоспар шеңберінде биыл баспанамен қамтамасыз ету көрсеткіші екі есеге артқан. Мәселен, өткен жылы 500-ден астам көпбалалы аналарға жаңа үйдің кілті табыс етілсе, биыл жыл соңына дейін 1044 жанұя қоныс тойын тойлайды. Бұл ретте айта кету керек, соңғы үш жылда үй кезегінде тұрған отбасылар саны 900-ден 2500-ге дейін артқан.

Сондай-ақ, Даниал Ахметов «Еңбек» бағдарламасы бойынша бөлінетін грант қаражатын арнайы, бұғатталмайтын есеп-шотқа түсіру мәселесі қазіргі таңда Министрлік пен Ұлттық банктің тақылауында екенін жеткізді.

Жалпы биыл «Еңбек» бағдарламасы бойынша берілетін гранттардың 47% көпбалалы және аз қамтылған отбасылар алды. Яғни, 869 отбасына өз кәсіптерін бастау үшін 482 млн теңге қаражат бөлінді. Бұл топтағы азаматтардан келіп түскен бизнес бастамалардың 80 пайызы мақұлданғанын да ерекше атап өткім келеді, - деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Шұғылалы Шығыстың белсенді аналары ел ішінде алғашқылардың бірі болып үкіметтік емес ұйымдар ашты. Солардың бірі жақында құрылған «Үйлесім» бірлестігі. Оның басшысы Жұлдыз Ақтанжанова облыс әкімдігімен бірлесе Қазақстандағы алғашқы аналарға арналған жол көрсетуші кітап құрастырды.

Бұл кітапта біз әсіресе аналарымызға түсініксіз мағлұматтарды жалпақ, қарапайым тілмен жазып шықтық. Ол жерде жәрдемақыны ресімдеуден бастап, өз кәсібінді ашу жолдары, қайда бару, не істеу керек, барлығы жазылған. Тіпті айлық есептік көрсеткішті теңге түрінде толық жазып шықтық. Бұл жұмысты ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасымен бірге жарты көлемінде құрастырдық, - дейді «Үйлесім» ҚБ жетекшісі Жұлдыз Ақтанжанова.

Облыс басшысы бүгінде электронды түрде таралып жатқан кітаптың алғашқы 1000 данасын басып шығаруды тапсырды.

Сонымен қатар көпбалалы аналар қазіргі таңда қашықтықтан беріліп жатқан білімнің сапасына алаңдаушылықтары бар екенін алға тартты. Сондықтан кезең-кезеңімен сыныптарды ашып, балаларға мектепте білім алуға рұқсат беруді сұрады. Аймақ басшысы білім басқармасына ұсыныс дайындауды тапсырды. Даниал Ахметов бұл сұрақты алдағы айдың соңында комиссиямен бірге тағы бір мәрте талқылайтынын айтты.  

Кездесу соңында аналарға белсенді қызметі үшін ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия атынан алғыс хаттар табыс етілді.

Оқи отырыңыз

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу