ШҚО әкімі: «Кімде-кім жеке қалтасын мемлекет мүддесімен шатастыратын болса, сөз қысқа, жолымыз бөлек»
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемендегі Шнайдер көпірінің құлауына байланысты жағдайға және осы оқиғадан кейін қабылданған шешімдерге қатысты пікір білдірді. Ол жауапкершілік мәселесі созбалаңға салынбай, бірден қаралғанын атап өтті. Әкімнің айтуынша, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Данияр Уахитов қылмыстық іс қозғалғанға дейін-ақ мемлекеттік қызметтен босатылған. Тек содан кейін ғана оның әрекеттеріне құқық қорғау органдары тарапынан құқықтық баға берілген, деп хабарлайды Altainews.kz.
2025 жылғы 1 қыркүйекте көпір құлаған соң, облыс әкімі жол және көлік саласына кешенді тексеру жүргізуді тапсырды. Бұл жұмысқа құқық қорғау органдары тартылып, әсіресе, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне баса назар аударылды. Тексеру барысында салада бірқатар заңбұзушылық анықталып, нәтижесінде басқарма басшысы ұсталды. Алайда облыс әкімі бұл жерде бастысы – қызметтен босату шешімі тергеуді күтпей, бірден қабылданғанын айтты.
Өңір басшысы жол және инфрақұрылым саласындағы жобаларда жауапкершілік өте жоғары екенін айтты. Себебі мұндағы кез келген қателік адам өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан тәжірибелі мемлекеттік қызметкерлер мұндай салғырттыққа жол бермеуі тиіс.
Сонымен қатар, Нұрымбет Сақтағанов бұл жағдайдан кейін жауапты қызметтерге тағайындалатын кадрларға қойылатын талаптар қайта қаралғанын атап өтті. Енді басты назар кәсібилікке, адалдыққа және жоғары жауапкершілікке төтеп бере алатын мамандарға аударылады.
Фото: Tengrinews.kz / Алимжан Аманжол