KZ
Өскемен
-22°
плотный туман жел 1 м/с, В
501.02 597.27 6.59

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ШҚО-да 362 жаңа жұмыс орны құрылды

30.01.2026, 17:00 99 Даурен Аллабергенұлы

2025 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру аясында Шығыс Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, өсімдік және мал шаруашылығы салаларында 2,5 млрд теңгеге 187 жоба қаржыландырылып, 362 жаңа жұмыс орны құрылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

2025 жылы бағдарламаны іске асыруға үш млрд теңге бөлініп, туризмді дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға, сондай-ақ мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. 

Қазіргі кезде аталған бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында облыста жұмыстар толығымен атқарылуда.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы бүгінде көптің назарында. Таяуда ғана мамандар өңірдің барлық аудандарын аралап, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесіп, мемлекеттік бағдарламалар жөніндегі олардың пікірлерін тыңдап, ұсыныстарын жинақтап қайтқан.

– Іссапардан оралған соң аталған ұсыныстарды ескере отырып, бағдарламаларымызға тиісті өзгерістер енгіздік. Мәселен, көптеген ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ұсақ малды тек облыстан тыс жерлерден ғана емес, облыс аумағынан да сатып алуға мүмкіндік беруді сұрады. Сонымен қатар бордақылауға алынатын малдың жас шегін ұлғайту жөнінде де ұсыныстар айтылды, – деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының облыстық филиалының директоры Айгүл Қасымова.

Бұдан бөлек, өңір фермерлері тарапынан ара шаруашылығы саласын қаржыландыру бағыттарын кеңейтіп, несие қаражаты есебінен омарта жабдықтарын, ара қапшықтарын, ара ұяларын және аналық араларды сатып алуға мүмкіндік беру қажеттігі көтерілген. Сондай-ақ бағдарламаны жүзеге асыру аясына марал шаруашылығын енгізу туралы ұсыныстар да назарға алынған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу