Қазақстанның жаңа Конституциясының алғашқы жобасы таныстырылды: негізгі өзгерістер мен басымдықтар
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Қазақстанның жаңа Конституциясының алғашқы жобасы қаралды. Құжатта мемлекеттің басқару нысаны, билік жүйесі, адам құқықтары, сот төрелігі мен жергілікті басқаруға қатысты түбегейлі жаңашылдықтар қамтылған. Жобаның негізгі ережелерін Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов таныстырды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Жаңа Конституция: құрылымы мен басты ұстанымдары
Қазақстанның жаңа Конституциясының бірінші жобасын дайындау кезінде соңғы 6 айда келіп түскен азаматтардың, қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар мен сарапшылардың ұсыныстары, сондай-ақ Комиссия мүшелерінің пікірлері, ескертулері мен ұсынымдары ескерілді.
Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, жаңа Конституция кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады.
Бақыт Нұрмұханов адами капиталды, білім беруді, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде танылғанын атап өтті.
Егемендік пен аумақтық тұтастық – өзгермейтін құндылықтар
Жаңа Ата Заңның жобасында Қазақстанның мемлекеттік ұйымдастырылуын айқындайтын, егемендігі мен дербестігін нығайтатын іргелі ережелер қарастырылды.
Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов аталған ережелер «Конституциялық құрылыстың негіздері» атты бірінші бөлімге енгізілгенін атап өтті.
Комиссия мүшесінің айтуынша, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысын қатардағы заңмен емес, конституциялық заңмен айқындау ұсынылған.
Сонымен бірге, спикер Комиссияның кешегі отырысында егемендіктің иесі – халық екенін конституциялық деңгейде бекіту туралы ұсыныс жасалғанын еске салды.
Оның айтуынша, Конституция мәтінінде «республикалық референдум» ұғымы «жалпыхалықтық референдум» деп өзгертілді.
Бұдан бөлек, халық билікті жалпыхалықтық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүргізеді және өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді, деген норма тұжырымдалды.
Бір палаталы Парламент және Халық Кеңесі
Бір палаталы Парламент үлгісі пен мемлекеттік органдардың жаңартылған жүйесіне арналған ережелер жаңа Конституция жобасының бірнеше бөлімдеріне енгізілді.
Бір палаталы Парламент моделіне арналған нормалар төртінші «Құрылтай» деген бөлімде жинақталды.
Конституция жобасының бесінші бөлімі «Үкіметке» арналған.
Алтыншы бөлім Қазақстан Халық Кеңесіне арналған.
Сот төрелігі мен құқық қорғау жүйесіндегі өзгерістер
Жетінші бөлімде «Конституциялық Сотқа» қатысты нормалар шоғырландырылды. Конституциялық Соттың конституциялық бақылау жүргізетін және бүкіл ел аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін тәуелсіз мемлекеттік орган ретіндегі миссиясы белгіленді.
Сегізінші бөлім – «Сот төрелігі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері».
Сот ісін жүргізу нысандарының қатары артты, судьялардың тәуелсіздігі нығайды, сот жүйесінің кадр мәселелері шешілді. Адвокатураның құқықтық мәртебесі алғаш рет Конституцияда нақты бекітілді.
Конституцияға өзгерістер енгізу тәртібі
Тоғызыншы бөлім жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқаруға арналған.
Оныншы бөлім Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібін айқындайды.
Он бірінші бөлім – «Қорытынды және өтпелі ережелер».
Бұдан былай Конституцияға өзгерістер Президенттің шешімімен және тек жалпыхалықтық референдум арқылы ғана енгізіледі. Сонымен бірге референдум өткізу бастамасын көтеретін субъектілер қатарына Халық Кеңесін қосу көзделген.
Ол, сондай-ақ Комиссия мүшелерінің, белсенді азаматтар мен ұйымдардың ұсыныстары алдағы жұмыс барысында да ескерілетінін атап өтті.
Фото: Конституциялық сот

